Мұнай-сервистік компаниялардың қызметкерлері шетелдік ұйымдарға кетуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай-сервистік қызметтердің жыл сайынғы айналымы 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы мұнай-сервисі компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай-сервистік салада 1 мың компания жұмыс істеуде және олардың құрамында 170 мың адам қамтылған. Жер қойнауын пайдалану бағытында мұнай-сервистік қызметтердің жыл сайынғы айналымы 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Қазақстанның 100 ірі компаниясының арасында 14-і мұнай-сервисіне қатысты. 2016 жылдың қорытындысы бойынша аталған сервистік компаниялар 280 млрд теңгеден астам сомаға салық төледі», - деді Жұмағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, мұнай саласында қызмет көрсетуге тартылған отандық бизнестің үлесі шамамен 55 пайызды құрап отыр, ал қалғанын шетелдік компаниялар жүзеге асыруда. Өкінішке қарай, кейбір сегменттер бойынша қазақстандық бизнестің үлесі 20 пайыз деңгейінде ғана. Бұл тұрғыда жобалау, геофизикалық қызметтерге қатысты болып отыр.

Сонымен қатар Н. Жұмағұлов жер қойнауы туралы жаңа Кодекс аясында отандық мұнай-сервисін дамытуға қолайлы жағдайлар ескерілгенін атап өтті. Осы орайда нарықтың жекелеген сегменттері бойынша қазақстандық қамту деңгейі жоғарылайтын болады.

«Қазақстанның мердігер компанияларына бүгінде сенім атарлықтай жоғарылады. Теңізшевройлдың екінші зауытын құру кезінде жұмыс күші шетелден тартылған еді, яғни филиппиндіктер, үндістер және Түркияның компаниялары көбірек келген болатын. Ал қазіргі кезде осы шетелдік инвесторлар жергілікті компаниялардың көмегіне жүгініп отырғанын байқаудамыз», - деді Жұмағұлов.

Осы орайда ол шетел компаниялары отандық субмердігер ұйымдардан қызметкерлерін өздеріне тартуға тырысып келеді. Осы арқылы ең үздік мамандар шетелдік компанияларға ауысып жатыр.

«Біз осындай саясатқа қарсымыз, себебі қазақстандық субмердігер ұйымдар әлсіреп қалуы мүмкін. Сәйкесінше, алдағы уақытта өзінің міндеттемелерін орындай алмай қалады. Біздің компаниялардың негізгі проблемасы айналымындағы қаржының тапшылығына байланысты болып отыр», - деп түйді Жұмағұлов.

Соңғы жаңалықтар