Мұнай бағасының төмендеуі үнемдеуге үйретті - Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай бағасының төмен болуына байланысты бюджет шығыстарын қысқарту мемлекеттік аппаратқа көп дүниені үйретті. Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде бюджеттің 43 пайызы шикізаттық сектор түсімдерінен қалыптасады. Егер де мұнан ары да дәл осы бағытты ұстана берсек, онда ел Президенті алдымызға қойған мақсаттарға жете алмасымыз түсінікті. Осынау шикізаттық салаға да технологиялық жаңғырту жүргізіп, шығындарды төмендетуіміз, тіпті қазіргідей баға болып тұрғанның өзінде мол кіріс алуымыз қажет. Мұнай баррелі 100 доллардан асқан кезде біздікі бірыңғай шығыстар еді. Бүгінде баға 60 доллар төңірегінде. Дегенмен біз 40 доллар болғанда да өмір сүрдік. Бюджеттен артық шығыстарымызды алып тастадық және бұл бізге көп дүниені үйретті», - деді ол.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстан шикізаттық басымдығынан бас тартпайтындығын тағы бір мәрте айтты.

«Біз Құдай берген басымдықты жоғалтқымыз келмейді. Бірақ, сонымен қатар бәсекеге қабілеттілік те арта түсуі қажет. Екінші жағынан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін экономика өсімін 6-7 пайыз көлеміне жеткіземіз десек, онда экономикамыздың өсім драйвері болатын жаңа салалар да қажет. Ал бұл жерде әзірлемелер мен жаңа технологияларсыз ешқайда бара алмайсың», - деді Премьер-Министр.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, егер бұрынырақ бизнес ғылыми әзірлемелерге инвестиция салуға құлықсыз болса, қазіргі уақытта олардың тарабынан қызығушылық артып келеді.

«Бүгінде ғылыми әзірлемелерге сұраныс артып келеді. Егер бұрынырақ, оған ешкім қарамаса, қазіргі уақытта үлкен қажеттілік туындап отыр. Біз мұны көріп отырмыз және осы бағытта жұмыс істеудеміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар