Мүмкіндіктер теңдігі әділеттілікке бастайды - Сауытбек Абдрахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүмкіндіктер теңдігі әділеттілікке бастайды. Бұл туралы 28 сәуір күні өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 26-сессиясына орай пікір білдірген Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің Конституциялық сипатында  басты-басты төрт белгі бар. Ата заңымыздың 1-бабы «Қазақстан республикасы өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп басталды. Осы төрт сипаттың біреуі - біздің еліміздің әлеуметтік мемлекет екендігі. Әлеуметтік мемлекет сипаты бүгінгі әлемде өте көкейкесті. Бұл бағытқа көп көңіл бөлетін мемлекеттер өсіп-өркендеп отыр. Мысалы, Скандинавия елдері. Соның ішінде -  классикалық Швеция социализмі. Әлеуметтік мәселелерге тиісінше көңіл бөлінгендіктен мемлекет экономикалық өсіп-өркендей түсіп, қоғамдық тұрақтылық та жақсы сақталып отыр», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Депутаттың ойынша, қазіргі уақытта еліміздің дамуында кейбір ойландыратын жағдайлар бар. Мәселен, соның ішінде халықтың материалдық тұрғыдан әлеуметтік жіктелісінің күшейе түсуі анық байқалады.

«Байлар мен кедейлер кез келген мемлекетте болады. Әлеуметтік жағынан ең дамыған мемлекеттердің өзінде де ондай айырмашылық бар. Бірақ, ондай айырмашылықтың ара-жігі тым үлкен болмауы керек. Ара-жік тым үлкейіп кеткен кезде әлеуметтік теңсіздік күшейеді. Соған байланысты көңіл толмаушылық да өршиді. Ал жалпы әлеуметтік әділеттілік - әлеуметтік мемлекеттің басты белгілерінің бірі. Әлеуметтік әділеттілік әлеуметтік мүмкіндіктердің теңдігін алып келеді. Ал мүмкіндіктер теңдігі әділеттілікке бастайды. Әлеуметтік теңдік болмайынша толық мағынасындағы қоғамдағы тұрақтылық, яғни саяси тұрақтылық та болмайды. Демек, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы өте алыстан ойластырылған, мемлекеттің болашағын тереңдікпен қарастырған қадам деп қарауымыз керек», - деді депутат.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев осы бес бастамасы арқылы әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға үлкен мүмкіндік ашып отыр. Нақты айтқанда, халыққа бұрынғы 14-16 пайыздың орнына 7 пайызбен несие алуға, үйдің құнының бастапқы 20 пайызын ғана төлеуге және қарызын 25 жылдың ішінде өтеуге мүмкіндік жасалады. Шағын несие беру көлемі көбейтіліп, салық жүктемесі азайтылады.

«Әрине, салық жүктемесі жұртың бәріне бірдей азайтылмайды. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған, тұрмысы төмен, 60 мың теңге көлемінде айлық алатын адамдарға жеңілдік жасалды. Одан кейін бәрімізді қуантып отырған жағдай - студенттердің 54 мың грантына жыл сайын 20 мың грант қосып, 74 мыңға жеткізу. Оның үстінде 2022 жылға дейін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салынады. Бұл студенттердің әлеуметтік жағдайын сөзсіз дұрыстайды. Сол жылға дейін жатақханаға деген қажеттілік толық жабылады. Өйткені, жатақханаға тұр десең де тұрмайтын адамдар да болады. Ата-анасының жағдайы жақсы болғандықтан пәтер  жалдап тұратын студенттердің үлесі 5-10 пайыз болуы мүмкін. Оны да ескерген жөн. Келесі мәселе - газдандыру. Қазіргі уақытта елдің жартысына ғана газ келіп отыр. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры мәселесі шешілген кезде Арқадағы облыстарға көгілдір отын жетеді. Одан кейін бірте-бірте келесі кезеңде Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларына тарам-тарам болып таратылады»,-  деді депутат.

Осы ретте Мәжіліс депутаты бұл мәселелердің барлығы  күні ертең өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-сессиясында «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген атпен күн тәртібіне шығарылып отырғанын еске салды.

«Осы күн тәртібі атауының өзі жоғарыда айтқан ойларымды қуаттайды. Әлеуметтік бірлік бар жерде әлеуметтің әлеуеті күшейе түседі деп айтуға болады. Сондықтан бұл іске Қазақстан халқы Ассамблеясы  өте белсенді ат салысатындығы анық. Біздегі барлық этностардың толық қолдауына ие болып отырған осы бес бастама біздің бірлігіміздің, қоғамдық келісіміміздің жағдайында ғана жүзеге асырылатындығын Президент өз Үндеуінде атап айтты. Бұл жөнінде Ассамблея сессиясында міндетті түрде және өте кеңінен сөз етілетініне анық сенемін. Айта кетерлігі, мамыр айының ішінде Үкіметтен Мәжіліске Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына орай тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар келіп түседі деп отырмыз. Оларға біз дайынбыз», - деп түйіндеді сөзін Сауытбек Абдрахманов.

Соңғы жаңалықтар