Мұхтар Құл-Мұхаммед Жамбыл облысында «жасыл» энергетиканың дамуына жоғары баға берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Жамбыл облысына барды. Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі ең ірі жел электр стансасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, жергілікті фермерлермен кездесіп, ірімшік зауытында болды және Тараз қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізді, деп хабарлайды аталған партияның баспасөз қызметі.

Қазақстандағы ең ірі жел электр стансаларының бірі Жамбыл облысында орналасқан. Мұнда жылына 50 млн. кВт/сағ-қа дейін электр қуатын өндіреді. Бұл облыстағы 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын толық электр көзімен қамтамасыз етуге жететін қуат. Құны 12 млрд. теңгеден асатын жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылды.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Германияда жасалған энергетикалық қондырғылардың жұмысымен танысты. Мұндай жел турбиналарының биіктігі - 60 метр, ал салмағы 180 тоннаға дейін жетеді. Мұхтар Құл-Мұхаммед атап өткендей, баламалы энергетиканы қолданудың арқасында Жамбыл облысында «жасыл экономиканы» дамыту бойынша аймақта алдыңғы орыннан көрінуге мүмкіндік мол.
null

Сонымен қатар, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Соған сай бүгінде бұл сала өңірдегі басым бағыттардың бірі болып саналады. Өткен жылы ғана облыс жалпы құны 200 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын ауылшаруашылық өнімдерін өндірді.

Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-ға арнайы барды. Аталған кәсіпорын 70-тен астам сүт өнімдерін өндіретін өңірдегі жалғыз ірі шаруашылық. Зауыттың тағы бір ерекшелігі ретінде оның 40 шаруа қожалығын біріктіріп отырғанын атап өткен жөн. Осындай сәтті бастаманың арқасында өндіріс орнында өнімділік қуаты, тұтынушылар базасы, жұмысшылар саны және жалақы көлемі артқан.

«Елбасы тапсырмасымен жыл сайын ауыл шаруашылығын қолдауға миллиардтаған қаржы бөлінуде. Оларды тиімді пайдалану үшін ұсақ шаруашылықтар ірі кооперативке бірігуі керек. Меркі ірімшік зауыты осындай 40 шаруашылықтың басын қосады. Міне, бұл Елбасы тапсырмасы тиімді жүзеге асуының нақты көрінісі», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Жамбыл облысында құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Оған соңғы жылдардың ішінде алғаш рет құрылыс жұмыстарының көлемі 103 млрд. теңгеден асып, бұл салаға салынған инвестицияның бірден 32 пайызға артқаны дәлел. Аталған саланың мұншалықты серпін алуы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы жаңа мемлекеттік бағдарламасының басталуымен тікелей байланысты. Сапар аясында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Тараз қаласында салынып жатқан «Арай» тұрғын алабындағы көп пәтерлі үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бас жоспарға сәйкес бұл кешенде 19 көп пәтерлі үй салу көзделуде. Пәтерлер  «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатылады. Сондай-ақ, коммуналды тұрғын үй қорында пәтер кезегінде тұрғандарға да аталған кешеннен баспана алуға мүмкіндік бар.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы партия өкілдерінің қатаң бақылауында болатынын айтты. Сондықтан нұротандықтар бөлінген қаржының тиімді әрі толық жұмсалуын, үйлердің барлық технологиялық талаптарға сай салынуын және пәтерлердің тұрғындарға уақытылы берілуін ұдайы назарда ұстауы тиіс.

Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық активімен кездесуінде де негізгі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда нұротандықтардың рөлі қандай болу керектігіне тоқталып өтті. Жиында партия Төрағасының Бірінші орынбасары әріптестеріне Елбасы ұсынған экономикалық және саяси реформалардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек, партия қайраткері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студент және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Шара барысында Мұхтар Абрарұлы Президенттің ұлттық рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттарға ерекше көңіл бөлді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бұл мақаласы әр жас қазақстандықтың басты құжаты болуы тиіс. Тарихи құжаттың маңызы жөнінде айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының Тәуелсіз Қазақстанды жарқын болашаққа жеткізу жолында жастарға ерекше сенім артып отырғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар