Мұхамедиұлы туризмді дамытуға ден қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Көлікке мініп ап, Қазақстанды аралап шықса ғой...» деген ойдың жетегінде географиялық картаға үңілмеген, қиялдың шырмауында елдің күнгейі мен теріскейін, батысы мен шығысын аралап шықпаған жаны қазақ адам жоқ шығар, сірә. Алайда жол-жөнекей бір нәрсені көрмей қалудың күдігі үнемі кері тартып отырады. Алдағы уақытта Қазақстанның сакралды картасы жарыққа шыққанда, осы күдіктен толығымен құтылуға болатын сыңайлы. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оны жай есеп берудің құжаты ретінде шығарып қоймай, ішкі туристер, яғни өзіміз үшін жол нұсқаушы ретінде кеңінен таратуды көздейді. Ал сырттан қытайлық туристерді көптеп тарту жоспарланып отыр. Жергілікті жерде тарихи орындар дұрыс сақталмаса, министрлік ондай жерлерді өз бақылауына алады. Жаңадан құрылған «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясына да тиісті міндеттер жүктелмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Негізі, туристердің қауіпсіздігі жағынан біз дамыған мемлекеттерден қалмай келеміз, тіпті озып тұрмыз. Дүниежүзі экономикалық форумының индексіне сәйкес, Қазақстан туристік қауіпсіздік жағынан 58-ші орынға көтерілді. Аталған көрсеткіш жағынан біз Ұлыбритания, Франция, тіпті АҚШ-тан да басып оздық. Алайда саяxат пен туризм саласындағы бәсекелестік жағынан дәл сол индексте 81-ші орында тұрмыз. Неге? Себебі туристерге жағдай жасау жағымыз әлі де ақсап тұр. Туристік саяхатты дұрыс ұйымдастыру шаралары былай тұрсын, жол-жөнекей орналсқан нысандар санитарлық талаптарға сай келмейді. Ашығын айту керек, елді аралауға шыққан өз жерлестерімізге дұрыс қызмет көрсете алмаймыз.

Бүгінде туризмді дамыту бойынша орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік арасындағы келіспеушіліктер де жоқ емес. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай станциясы арқылы Алакөл мен Балқашқа барып жүрген қазақстандықтар да, көрші ресейлік туристер де көп. Алайда ол жерде өткен-кеткен адамдарға ешқандай жағдай жасалмаған. Жергілікті билік болса, станцияны туристік ошақ ретінде дамытуды қарастырып отырған да жоқ. Ол жерде мыс кенін өндіру жұмысы қолға алынған. Сол себепті әкімдер оны тек өндірістік аймақ ретінде ғана дамытамыз деп отыр. Министр Мұxамедиұлы болса, онымен келіспей отыр.  «Туристердің көбісі Ақтоғайдан түсіп, басқа пойыздарға отырады. Сонда барлығы шағымданады. Өйткені Ақтоғайда ештеңе жоқ. Вокзал да, инфрақұрылым да, қауіпсіздік те жоқ. Содан туристер де көп келмейді. Ақтоғай бізге өте қажет, оны туристік әрі транзиттік xаб ретінде дамытқан маңызды», - дейді Мұxамедиұлы. Министрдің айтуынша, ол станцияны ретке келтірсе, Ресейден келетін туристердің саны үш есеге артады.

Қытайдан келетін туристердің санын да барынша арттыру жоспарланып отыр. Себебі қазіргі кезде шетелге шығатын туристердің саны жағынан Қытай Халық Республикасы көш бастап тұр. Аспанасты елінің 150 млн-ға жуық азаматы әлемді аралағанда бір жылда шамамен 280 млрд доллар жұмсайды. Дәл осы ақшаның бір бөлігін Қазақстанға бұрса, ел экономикасына әжептәуір қаражат бағыттауға болады. Әрине, жергілікті халық оған әбден дайын болуы қажет. Себебі қазіргі «қытайлық қатер» психологиясынан құтылмасақ, оларға дұрыс қызмет көрсетуіміз екіталай. Бұдан бөлек, Қазақстанға Иран мен Үндістаннан туристерді де көптеп тарту жоспарланған.

«Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ойнаровтың ойынша, бүгінде Қазақстанға шетелдік туристерді көптеп тарту үшін ақпараттық теxнологияларды кеңінен қолдану қажет. Онсыз туризм саласын дамыту мүмкін емес. «Туризмді дамыту үшін ақпараттық кеңістікті тиімді пайдалана білу керек. Себебі адам өз уақытының 80 пайызын ақпараттық кеңістікте өткізеді. Біз таңертең тұрғанда алдымен қолымызға ұялы телефонды аламыз. Демек, дәл осы мүмкіндікті барынша пайдаланған жөн. Мәселен, Грузия оны қалт жібермей отыр. Қазір кез келген әлеуметтік желіге, интернеттегі іздеуге демалыс жайында бір сұрау жіберсең, бірден «Грузиядағы демалыс» деген ақпарат шығады. Мен өзім аталған мемлекетке барып, осы саладағы жұмыспен танысып келдім. Ол жақта мәдениет және туризм миристрлігі бар. Аталған мекеме Грузияны орта топтағы азаматтарға арналған туристік аймақ ретінде жан-жақты жарнамалаумен тығыз айналысады. Осы жұмысқа бар күш-жігерін салады. Мысалы Моңғолия экономикалық-әлеуметтік даму жағынан бізден де төмен. Алайда олардың экологиялық туризмі Еуропада жоғары сұранысқа ие», - дейді Ойнаров.

Қазіргі кезде шетелдіктер үшін виза беруді барынша жеңілдетіп, оны электронды түрде рәсімдеу жағы да пысықталып жатыр. Орталық мемлекеттік органдар деңгейінде осы іспетті біраз шаралар атқарылып келеді. Алайда жергілікті әкімдер соның бәрін әрі қарай алып кетпесе, шетелдік туристер қалай келсе, тура солай кетіп қалуы әбден мүмкін. Ал бір рет беті қайтқан адамды қайтіп өзімізге қарай бұру оңайға соқпас.

Сөз жоқ, бүгінде жергілікті билік тарихи жерлерге, курорттық аймақтарға жол тартып, туристер үшін барынша жағдай жасауға тырысып-ақ келеді. Алайда осы жұмысқа барлығы бірдей атсалысып жатқан жоқ. Біреуі «Ақша жоқ!» деп, республикалық бюджеттен көмек сұраса, екіншісі туризм саласын мүлдем ұмытып, жол, көлік, логистика сияқты мәселелердің құрсауынан шыға алмай жүр. Мәселен, Жамбыл облысында «Ақыртас» тарихи кешені бар. Соның жанынан туристерге арналған визит центр де ашылды. Оған республикалық бюджеттен 150 млн. теңге жұмсалыпты. Қазір ол жерде бір күзетші ғана отбасымен бірге тұрады. Басқа ешкім жоқ. Туристерде тарту жұмыстары атқарылмайды. Сол сияқты Астанаға жақын тұрған Бозоқ қалашығы да қараусыз қалып барады.

Енді, жергілікті жерде тарихи нысандарға тиісті деңгейде көңіл бөлінбесе, ондай нысандарды орталық мемлекеттік органның бақылауына ауыстыру қарастырылған. Аталған шаралар жаңадан құрылған «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы аясында атқарылады. Осыған байланысты жергілікті жерде «жаңа компания бәрін өз бақылауына алады» деген үрей де жоқ емес. Бұны министр Арыстанбек Мұхамедиұлы да жақсы біледі, жергілікті жерде тағы керітартпалық бола ма деп қауіптенеді. Оның айтуынша, «Қазақ Туризм» әкімдіктердің жұмысына араласпайды. «Ұлттық компания алдымен отандық туризм саласына инвестицияларды тартумен айналысады. Мәселен, қазір үлкен бір компания Қазақстанның туристік қызметіне қаржы құюға дайын. Оларға серіктес керек. Біз болсақ, министрлік ретінде ондай жұмыспен айналыса алмаймыз. Сол себепті «Қазақ Туризм» компаниясын құрдық. Аталған компания шетелде Қазақстанның имиджін кеңінен жарнамалаумен де айналысады», - дейді Мұxамедиұлы.

Айтпақшы, министрлік аңшылық туризмін де жан-жақты дамытуды көздейді. Жабайы табиғатты көруге асығатын туристер үшін қорықтар да өз есігін айқара ашпақ. Жалпы, отандық туризмді дамыту саласында министрлік жергілікті әкімдіктермен тығыз жұмыс жасамақшы. Тіпті, әрбір әкімдікпен арнайы келісімдерге қол қойылып, нақты көрсеткіштерге жету міндеті қойылады. Ол міндет орындалмаса, туризмге жауапты шенеуніктер өз креслосымен қош айтысуы бек мүмкін.   

Соңғы жаңалықтар