Мұхамедиұлы Қазақстанның киелі жерлерінің картасын жасақтауды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның киелі жерлерінің картасын жасақтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл тапсырма Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған негізгі идеяларды жүзеге асыруға бағытталып отыр.

«Мемлекет басшысы «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын қолға алуды тапсырды. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің жалпыұлттық сипатқа ие қасиетті жерлері бар. Бұл - рухани дәстүрдің негізі. Қазақстан үшін бұл өте маңызды, себебі бай тарихқа ие, киелі де кең-байтақ жерге ие Қазақстан еш қиындықтарға, сұрапыл замандарға қарамастан, аталмыш киелі жерлердің географиясымен байланысты үзген емес. Осы тұрғыда, Президент Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыруды тапсырды. Осы жерлердің барлығы - біздің ұлттық бірегейлігіміздің керегесі», - деп атап өтті министр бүгін ведомствоның алқа мәжілісінде. 

Оның атап көрсеткеніндей, туризм маңыздылығы жағынан энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, сауда, көлік, индустриаландыру салаларымен бір деңгейде тұр. Сол себепті осы бағыттағы тақырыптар жеке-жеке талданатын болады.

«Сондықтан, осы орайда, Мәдениет институты мен Туризм комитетіне, мүдделі тараптармен бірге бір ай ішінде Қазақстанның киелі орындарының картасын жасақтауды тапсырамын. Сонымен қатар оларды кеңінен зерттеп, ары қарай насихаттауға бағытталған жоспар жасақталуы тиіс. Өз кезегінде Мәдениет департаменті Discovery (Дискавери), National Geographic (Нэшнл Джеографик) телеарналарымен бірлесіп, Қазақстан туралы ғылыми-танымал фильмдер сериясын шығару мәселесін тиянақтауы қажет», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар