Мүгедектерге арналған киімдердің бағасы қандай болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда арбаға таңылған азаматтарға арналған киім-кешектер тігіледі, тіпті аяқ киімді де шығару жоспарланып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, бүгінде мүгедек жандарға арналған киімнің алғашқы топтамасы шығарылды. Оның ішінде шалбар, панчо, аяқты орайтын қап, жемпір және тағы басқа киім үлгілері бар.

 

«Киімді тіккенде біз алдымен оны киіп-шешуге ыңғайлы болатындай етіп шығаруға тырыстық. Бұл - арбаға таңылған азаматтардың басты тілегі. Мәселен, қазіргі кезде олар аяқты көрпешемен жауып жүреді. Біз болсақ, арнайы чеxол-қапты шығардық. Оны кию де, тағу да ыңғайлы. Сосын жерге түсе бермейді. Сол сияқты шалбарды да арнайы эскизбен тіккен. Арбамен жүретіндер шалбар кигенде тізенің астында мата жиырылып, қатты қажайды. Жаңа үлгіде біз артық матаны алып тастадық та, ол жерді жиырылмайтындай істедік. Балағы да жерге қайта-қайта түсе бермейді», - дейді Л.Худова.

 

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген киім-кешектің бағасы әр түрлі. Шалбар 6 мың теңгенің айналасында болса, панчо 28 мың теңгеге дейін барады. Алайда алдағы уақытта киімді барынша қарайым әрі ыңғайлы етіп шығарудың арқасында өнімнің бағасы да арзандайды.

 

Мүгедектерге арналған киім-кешектің арзандағанын «Дос» тәуелсіз өмір» орталығының басшысы Ардақ Оторбаев та қолдап отыр. Оның айтуынша, бүгінде ондай киім бірінші топтағы мүгедектің қалтасына шақ келмейді. Сондықтан оны барынша арзан етіп шығарған дұрыс.

 

Айта кетейік, мүгедектерге арналған киім «Adaptive Clothing and Shoes» жобасы аясында шығарылады. Әзірше, оған мемлекеттік тапсырыс жоқ. Сондықтан бастама авторлары ірі компаниялардың көмегіне сеніп отыр. Алдағы уақытта киім-кешектің жаңа топтамасы Астана мен Алматы қалаларында арнайы дүкендерде сатылады деген жоспар бар. Сондай-ақ оған ғаламтор арқылы тапсырыс беруге болады.

Соңғы жаңалықтар