Мүгедек балалардың анасы Исекешевке орынбасарының дөрекі сөйлегені үшін арызданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш баланы, соның ішінде екі мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты ана Астана қаласы әкімінің орынбасары дөрекі сөйледі деп қала басшысы Әсет Исекешевке арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шынар Жанбекова - үш баланың анасы, оның екеуі мүгедек. Жолдасы екі баланың мүгедек болғанына шыдамай, отбасын тастап кеткен екен. Соған қарамастан жалғызбасты ана жатақxанадан бір бөлмені жалдап, тағдырдың ыстығына да, суығына да шыдап келген. Жақында ол Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннен көмек сұрап барған екен. Алайда шенеунік оны сұрақтың астына ала тергеп, ақыры көмек беруден бас тартқан.  Әлеуметтік желі арқылы Әсет Исекешевке арызданған Шынар Жанбекова оқиғаның мән-жайын баяндап берген еді.

«Құрметті Әсет Өрентайұлы, мен - Жанбекова Шынар Нұралиқызы, үш баланың анасымын. Үш баламның екеуі - туғаннан мугедек. Қызым - Айдана, жасы 14-те, сал ауруына (ДЦП) шалдыққан, ұлым - Жанкелді, жасы 9-да, сөйлеу жүйесі тежелген. Балалардың әкесі басымызға түскен қиындыққа шыдамай, бізді тастап кеткен. Алиментті де  төлемейді, басқа да көмек көрсетпейді. Бар ауыртпашылықты өз мойныммен, балалар үшін, балалардың болашағы үшін көтеріп келемін. Осы уақытқа дейін үкіметтен ай сайын беретін көмек ақысынан (пособие по инв.) басқа ешқандай көмек көрген емеспін. Өзім отбасының жағдайына байланысты тұрақты бір жұмысқа тұра алмаймын. Өйткені балаларыма күні бойы күтім керек, тамақтандыру керек, жөргегін ауыстыру керек. Қызыма мұғалімдер келеді үйге. Екінші баламды арнайы мектепке апарып, алып келем. Сол екі ортада уақыт тауып, қолымнан келген жұмыстарды істеймін», - деп жазды Шынар Жанбекова.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ол жатақханада бір бөлмені жалдап тұрады. Оған ай сайын 60 000 теңге кетеді. Айданаға төленетін жәрдемақының бәрі соған жұмсалады. Үш баланың екеуі мүгедек болғаннан кейін жатақxанада тұру қиын. Себебі әжетxанасы да, жуынатын бөлмесі де сыртта орналасқан.

"Ал күндердің күнінде бөлменің иесі босат десе, қайда барамын деп уайымдап қиналамын. Осы оймен сіздің орынбасарыңыз А.И.Лукиннің қабылдауында болдым. 28.11.2016 ж. сағ 16:00-де көмек болады деген үмітпенен кызым Айдананы бірге ала бардым, бірақ ол кісі көмек бермек түгілі Астанаға не үшін көшіп келдің? (Знаешь таких как ты сколько?) деп өзімді балағаттады. Содан кейін «Сен қай аймақтан келдің?» деп (Где родители? Где жила раньше в школьные годы?) деп сұрақтың астына алды. Әкем жоқ, шешемнің өз отбасы бар дедім, марқұм болған әжемнің менің казіргі жеке өміріме кандай катысы бар? Мен соны түсінбедім. Осындай лауазымды адам мені кемсітіп, тіл тигізіп, әжуалап отырғаны дұрыс па? Маған тіл тигізіп отырғанды көріп, жылап жіберген қызыма Лукин көз қырын салған да жоқ. "Я отказываюсь вам помочь", - деп бізді шығарып салды. Әсет Өрентайұлы! Сіздің орынбасарыңыз А.И.Лукиннің жалғызбасты үш бала тәрбиелеп отырған анаға тіл тигізіп, мазақ кылып отыруға қандай қақысы бар? Кезегім жақындап, үй алғанша мені балаларымен далаға қуып шықпас үшін уақытша болса да баспана сұрап барып едім, бірақ Лукиннің айтқаны да, көрсеткені де осы болды ма? Сонда бұл кісінің барлық міндеті осы болды ма? Құрметті Әсет Өрентайұлы, менің жан айқайыма жауап берерсіз деп үміттенем. Өйткені сіздің алдыңызға баруға жазылу мүмкін емес", - деп жазады үш баланың анасы.
null  

Соңғы жаңалықтар