Мұғалім жалақысы қандай компонент есебінен көтеріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұғалімдердің жалақысын көтеру үш компоненттен тұрады. Бұл туралы Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жолдауларды іске асыру аясында негізгі басымдықтар адами капиталды дамыту мен экономикалық даму болып табылады. Адами капиталды дамыту бағыты бойынша жобада мынадай іс-шаралар қамтылған. Біріншіден, сомасы 61,8 млрд теңге шығыстармен мұғалімдердің жалақысын 30-дан 50 пайызға дейін көтеру қарастырылады»,- деді министр.

Оның айтуынша, жалақыны көтеру үш компонентті құрайды.

«Біріншіден, жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқытатын барлық мұғалімдердің лауазымдық жалақысына 30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төленбек. Екіншіден, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1, 2, 5 және 7+сыныптардың мұғалімдері қосымша ақы алатын болады. Үшіншіден, педагогикалық шеберлік үшін жалақысынан 30-дан 50 пайызға дейін қосымша ақы төленеді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар министрдің сөзіне қарағанда, заманауи білім беру үлгісін таратушы ретінде Назарбаев Университетін одан әрі дамытуға 31,7 млрд теңге бағыттау ұсынылады. Бұл қаражат университеттің институционалдық әлеуетін күшейтуге және қосымша оқушылар контингентін қабылдау есебінен оның мектептерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар