Монополияға қарсы агенттік «Эйр Астанаға» қатысты тексеруді желтоқсанда аяқтайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті «Эйр Астана» АҚ 2016 жылдың 8 қарашасында сұралған барлық құжаттарды ұсынғанын мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпаратқа монополияға қарсы органның баспасөз қызметінен.

«Қазіргі уақытта талдау жүргізілуде. Ауызша берілген мәліметке сәйкес, әуе компаниясы талдау нәтижелері бойынша ұйымдастырылуы мүмкін Келісу комиссиясын өткізуге бастамашылық етпек», - делінген таратылған хабарламада.

Еске салайық, Келісу комиссиясы қорытынды жобаларды қарау бойынша монополияға қарсы ведомствоның консультативті-кеңестік органы болып табылады. Оның құрамына монополияға қарсы органның қызметкерлерінен бөлек, тәуелсіз сарапшылар енеді, соның ішінде тексерілу үстіндегі нысан тарапынан шақырылған сарапшыларды қоса алғанда.

«Материалдарды зерделеу бойынша барлық іс-шаралар ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін аяқталатын болады», - деп атап өтілген баспасөз баянында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, антимонополиялық орган әуе тасымалдау қызметтерінің жоғары бағасын тексеру мақсатында «Эйр Астана» АҚ әуе компаниясына құжаттар мен ақпараттарды көрсету туралы 3 сауал жіберген. Олардың кейбіріне жауап берілмеген немесе жартылай ғана жауап берілген болатын.

«Осыған орай, монополияға қарсы органның тергеп-тексеру жүргізіп жатқан лауазымды адамдары 30 қыркүйектегі және 6 қазандағы сұратылған ақпаратты ұсынбағаны/ақпаратты толық көлеме ұсынбағаны үшін «Эйр Астана» АҚ қатысты әкімшілік істер қозғады», - делінген хабарламада. «Эйр Астана» АҚ қатысты жүргізіліп жатқан тексеру аясында барлығы 3 әкімшілік іс қозғалған. 

Кейін Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті «Эйр Астана» АҚ тарифтері орта есеппен 30 - 40 пайызға өскенін анықтады.

«Бағалар серпінін және авиатасымалдар көлемін талдау қорытындылары бойынша «Эйр Астана» АҚ тұрақты ішкі авиатасымалдарда үстем жағдайда екені және оның бағалары басқа авиакомпанияларға қарағанда жоғары екені анықталды. Осы орайда олар 2015 жылы  мемлекеттік бағаны реттеумен қамтылған кезеңде қолданыста болған орташа тарифтер 2016 жылдың тарифтерімен салыстырылды. Нәтижесінде, «Эйр Астана» АҚ тарифтері орта есеппен 30 - 40 пайызға өскені анықталды. Қазіргі уақытта «Эйр Астана» АҚ қатысты тергеп-тексеру  жалғасуда»,- деп атап өтілді Комитеттен.

Соңғы жаңалықтар