Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 340.95
EUR 408.73
RUB 5.87
CNY 51.80

Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды

Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды
2017 жылғы 17 қыркүйек 06:53 880

ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат - Осыдан тура бір ай бұрын Шығыс Моңғолияның Кентай аймағынан жолға шыққан экспедициялық топ қыркүйектің бел ортасын ала ұлылар мекені Ұлытауға табан тіреді. Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) ұйымдастырған «Кентайдан Ұлытауға дейін:тарихи жадының жаңғыруы» III халықаралық экспедиция құрамындағы ғалымдар мен зерттеушілер, тілшілер тобы бабалар ізімен мыңдаған шақырым жолды жүріп өтті. Елеулі сапардың арысы Алтын орда, берісі Қазақ хандығының ізі сайрап жатқан Ұлытауда аяқталуының өзіндік маңызы мен миссиясы бар еді. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі топ құрамында тарихи ескерткіштер мен күмбез-кесенелерді аралап, Ұлытауды бетке алған ұмытылмас сапардың куәсі болды.


Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды

Түркі академиясы экспедициялық сапарды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына өзіндік үн қосу ниетпен ұйымдастырды. Бұған қоса, мұндағы тағы бір негізгі мақсат - отандық және шетелдік БАҚ арқылы түркі әлемінің құндылықтары мен мәдениетін әлемге паш ету. Экспедициялық топтың құрамында шетелдік меймандардан РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары Мурад Заргишиевтің, Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Жамсранжав Байырсахынның, Қырғызстандағы Манас унисерситетінің түркологы Нурдин Усеевтің, Әзербайжан Ұлттық академиясының жетекшісі, ғылыми қызметкері Азад Зейналовтың, «NTV» телеарнасының редакторы Зорлу Күршадтың, «Discovery Azerbaijan» бас редакторы Аида Эйвазова мен өзге де тұлғалардың болуының себебі осында.

Астанадан Ұлытау өңірін бетке алған экспедиция тобы Жезқазғанға дейінгі сапарға жұма күні таңертең шыққан болатын. Жолаушылар 734 шақырымдық жолды басып өтіп, кеш бата Жезқазғанға жеткен еді.

«Экспедиция осыдан бір ай бұрын Кентай аймағына барып, зерттеу нәтижесінде табылған көне түркі кешендеріне бірлескен қазба жұмыстарын жүргізді.  Ол аймақтардағы көптеген кешендер бұрын ғылымға белгісіз болып келген еді. Бұл экспедицияның бір олжасы - сол жұмбақ мекеннің сырына алғаш болып үңіліп отыр. Топографиялық, геомагниттік зерттеулер жүргізді. Жалпы, осы сапар барысында Кентай аймағының 24 тарихи кешені тіркелді. Олардың координаттық бағыттары анықталды. Қазба жұмыстарының толық нәтижесін алдағы уақытта Астана қаласында мәлімдейтін болады», - дейді халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшанұлы.


Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды


Қос мәдениетті тоғыстырған қос кесене

Ең алдымен Жошы хан мен Домбауылдың кесенесін көріп қайтуға бел буған экспедиция тобы құла түзбен құлдай келе Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы жатқан бейітке табан тіреді. Жезқазғанның Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры Кенжал Балкенов топқа жолсерік болған. Көкірегі қазына қарт өңір тарихын бір кісідей біледі екен. Көнеден орағытқан тарихшы Ұлытау турасында толғай келе, ханның жатқан бейіті жайлы сыр шертті. Оның сөзіне сүйенсек, Ұлытау көне дәуірден келе жатқан түркілердің мекені болып есептеледі. Тарихтың атасы Геродот Ұлытау тауларын «Сақ таулары» деп атап кеткен екен.

«Осы жерден (Жошы кесенесінен - авт.) 12 шақырым жерде көнеде кен өндірілген орындар бар. Кең далада алтын, күміс, мыс көп болған. Мыс және лазурит жолдары сол уақыттан қалған. Кезінде оғыз тайпалары, түркі рулары Мажарстан жаққа көшкеннен кейін ыдырау басталды. Шыңғысхан Хорезмді басып алды. 1220 жылы Қарақорымда құрылтай болып, Шыңғысхан ұлдарына жер бөліп берді. Жошы кең байтақ жерге иелік етті. Сөйтіп осы жерде Жошы ұлысы қалыптаса бастады. Шыңғысхан үлкен ұлына 126 мың әскерінің 4 мыңын ғана берген болатын. Өйткені Жошы жергілікті халықтан зор қолдау тапқан. Мына жерде Жошы хан, бәйбішесі Бектумыш жерленген. Бектумыш керей ханы Тұғырылдың інісінің қызы. Бұл жерде қазба жұмыстары көп жүрді. Бірінші қазба жұмыстарын жүргізген Әлкей Марғұлан. Құрылымын көріп отырсыздар. Жаңғырту жұмыстары уақытында қуысынан тақташа табылған. Осы қаспеті бойынша кесененің оң және сол қанаты болғанын аңғарамыз. Құрылымы өте қарапайым. Солай болған күннің өзінде көзге көрінбейтін детальдары баршылық», - дейді Кенжал Балкенов.


Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды

Бір қызығы, Жошы кесенесінен бар-жоғы бес шақырым жерде одан ертеректе өмір сүрген Домбауылдың кесенесі бар екен. Қос кесененің неліктен бір-біріне жақын қаланғаны күні бүгінге дейін жұмбақ. Домбауылдың ертеректе өмір сүргенін ескерсек, қос кесене қос діни наным-сенімнің түйіскен орны іспеттес әсер қалдырады.

«Домбауыл ескерткішінің де тұғыры сегіз бұрышты болып келеді. Заман өте келе қирап, қайта қалпына келтіру кезінде төрт бұрышты болып қайта қаланған. Бұл кешен түркі дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Ал, енді  Жошы хан мазарының Домбауыл кесенесінен ерекшелігі, осы Ұлы Даладағы исламдық алғашқы ескерткіш болып есептеледі. Және мұсылмандық ғұрыппен салынған бүкіл Орталық Азиядағы кесенелердің атасы болып табылады. Жошының немересі Берке хан Ұлы Далаға ресми дін ретінде ислам дінін алып келген. Сондықтан, біздің пайымдауымызша, Жошы хан кесенесі Беркеден кейін салынғанға ұқсайды. Жошы хан тірісінде «ұрпағымның тәрбиесін мұсылмандарға қалдырамын» деген деседі. Демек, Ұлытау - екі мәдениеттің тоғысқан ортасы», - дейді экспедиция басшысы, TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі.

Моңғолиядан келген экспедиция мүшесі Жамсранжав Баярсайхан  болса, Домбауыл ескерткішін Х ғасырдағы қидандар ескерткішіне ұқсатады. Оның айтуынша, мұндай ғұрыптық кешендер тастан қаланып салынған. Қидандар тасты ағашқа сұғып қалаған деседі. Моңғол ғалымы Домбауыл кесенесінің де сол құрылыс үлгісімен тұрғызылғанына таңданғанын айтады. Ал, пішіні тұрғысынан Домбауыл кесенесі сияқты ескерткіштер Моңғолия жерінде жоқ.

«Бір қызығы - мен үшін Домбауыл кесенесі қазақтың киіз үйіне ұқсап тұрғандығы», - дейді ол.

 

Алаша хан кесенесі

Бұдан кейін экспедициялық топ Алаша ханның кесенесіне жетіп тоқтады. Атақты Әлкей Марғұлан бастаған бір топ ғалым Алаша хан кесенесі Шыңғыс ханға қойылған символикалық бейіт деп пайымдап кеткен екен. Расында, Алаша ханның бейітінде тарих қойнауында ел қорғаған ержүрек хандардың қайсысы жатқаны тап басып айтылмайды. Түркі академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан кесене тарихына кеңінен тоқталды.

«Бұл Алаша хан мазары - күмбезі ерекше құрылыс үлгісі болып табылады. Ел ішіндегі ескі аңызға құлақ түрсек, кесене Шыңғыс ханға арналған. Қазақта да «Алаш Алаш болғанда, ағаш үйлі қазақ болғанда» деген сөз бар. Сол Алаштың түпкі тамыры да осы Алаша хан болуы керек. Ал, кейбір ғалымдардың зерттеуі бойынша Жәнібек немесе Керей ханның мазары делінеді. Үшінші болжамға сүйенсек, сегіз қырлы көне түркілерге тиесілі киіз үйлі космос моделі. Моңғолдардан жеткен ескі сөз бойынша да «Керегелі үйіңнен тас үйіңе көштің» деп қайтыс болған адамға салынған осындай кесенелерді тас үйге теңеген. Алаша ханның порталындағы көп жазулар қирап бүлінген. Әлі де археологиялық тұрғыдан көп зерттеуді қажет етеді», - дейді ғалым.

Алаша ханның еңселі күмбезінің алдында қазақтың үш жүзінің құрамындағы ру-тайпалардың символикасы бейнеленген екен. Қай руға қай символика тән екенін Кенжал Балкенов жіпке тізгендей баяндап берді.



Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды

Ұлытауға сапар

Экспедиция мүшелері қасиетті орындарды аралап болғаннан кейін Ұлытау ауданына жолға шықты. Жол барысында зерттеушілер мен тілшілер Сәтбаев қаласына аялдап, Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан ары Ұлытауға жеткеннен кейін аудан орталығында қонақтар этноауылға түсіп, Ұлытаудың жергілікті халқымен кездесті. Жиында экспедиция жұмысы баяндалды. Онда біршама ғалымдар баяндама жасап, жергілікті халықтың қонақжайлылығына ризашылықтарын білдірді.

Ұлытау - Дешті Қыпшақтың орталығы дейтін болсақ, ұлы бабалармен бірге Едіге би жатыр. Атақты Әмір Темірдің ізі қалған Алтыншоқы да осы мекендерге тиесілі. Сол қасиетті орындарды аралау арқылы тағылымды сапар өзінің Ұлытау төріндегі тарихи ізін қалдырды десе де болады. Ұлытаудың қонақжай елімен қауышқан экспедициялық топ халықпен кездесіп, сапардың мақсатын түсіндірді. Жиынға экспедициялық топтың келуімен тұспа-тұс Ұлытауға «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалидің да жолы түскен екен. Торғай өңірінде Кейкі батырды жерлеу рәсімінен келе жатқан Берік Әбдіғали жиында сөз алып, осындай сапарды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды

«Шынын айтсақ, «Біз Ұлытаудың ұлылығын толыққанды тани алдық па?» деген сұрақ туындайды. Осы орайда, Елбасының арқасында қолға алынған жұмыс Ұлытаудың тарихын паш етуге серпіліс берді. Жалпы, Ұлытаудағы тарихи орындардың түркі əлемінде алар орны ерекше. Қазақтар хандарын дəл осы жерде сайлаған. «Хандық» - «мемлекеттілік» деген сөз. Хан елді біріктіретін институт болған. Мұнда Əмір Темірдің де ізі қалған. Қазақ тарихында Ұлытаудың алар ерекше орны бар. Осыны халыққа танытуға атсалысып жатқан экспедицияға сəттілік тілейміз», - деп атап өткен тарихшы, қазақтың алғашқы ханынан соңғы ханына дейін Ұлытау өңірінде сайланғанын тілге тиек етті.

Берік Әбдіғали өз сөзінде Қазақстанда туристерді күтуге арналған төрт Сапар орталығының біреуі дәл осы Ұлытауда ашылатынын атап өтті.

«Келген қонақтарға Ұлытаудың тарихын паш ететін халықаралық деңгейдегі үлкен ғимарат салынады. Мəдениет жəне спорт министрлігінде осы жұмысты атқаратын шешім қабылданды. Мұндай орталық төрт жерде, атап айтқанда, Алматы облысындағы Таңбалыда, Отырарда, үшіншісі қателеспесем - Сарайшықта, ал төртіншісі осы - Ұлытауда ашылады. Ол да біз үшін үлкен көмек. Келешекте туристерді тарту үшін жол мәселесі де  шешілер. Əлбетте, қазақтың барлық жері де қастерлі, қасиетті. Бірақ қазақтың тарихи астанасы - Ұлытау», - деп түйді Берік Əбдіғали.

Ұлытаудағы Хан ордасын бетке алсаңыз, алыстан еңселі шыңдарға көзіңіз түседі. Тарихшыларға құлақ түрсек, дәл осы Ұлытау мен Едіге тауының ортасында Тоқтамыс хан жерленген екен.



Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды  

Экспедиция өз мақсатын орындады

Күн ұясына бата Хан ордасына жеткен экспедиция тобының тілшілеріне сұхбат берген Дархан Қыдырәлі сапарды түйіндеді.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының түп-тамыры осы Ұлытаудан бастау алатыны белгілі. Осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз осы Әулие Бұлақтың басында керемет әңгіме айтқан болатын. Соның жалғасы ретінде «Рухани жаңғыру» шығып отыр. Сондықтан, біз Қазақ хандығы бастау алатын Ұлытауға сапарладық. Осындағы мақсаттың бірі - Кентайда ғұндардың, көк түркілердің тарихы бастау алатын болса, Ұлытауда ұлы даланың мемлекеттігі басталады. Бұл жерде Алтын орданың атасы Жошы хан жатыр. Сонымен қатар, Алаша ханға қойылған ескерткіштер, бүкіл Қазақ хандарының аталарына қойылған ескерткіш ретінде қабылдаймыз. Алып империяның құлдырауы да осы ұлы далада болған. Себебі, Тоқтамыс хан, Едіге би, Әмір Темірдің тарихы да осы Ұлытауға байланысты. Ұлытау тек Қазақ халқының, Қазақ хандығының тарихи мекені ғана емес, түбі бір түркілердің, сондай-ақ көшпелі жұрттың да киелі ордасы, құтты мекені», - деді Дархан Қыдырәлі.

Түркі академиясы президентінің айтуынша, экспедицияға тамырлас елдің өкілдерін тартудың өз маңызы бар. Ең әуелі Алтай, Өтүкен, Кентай, Тәңіртау енді міне Ұлытауға жетіп отырған экспедицияның мақсаты өзінің діттеген жеріне жетті. Жұртшылықпен кездесу өтті.

«Рухани жаңғыру» мақаласының ішіндегі «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында да экспедиция үлкен бір міндет атқарды деп ойлаймыз. Жалпы Қазақстан үшін ғана емес, Ұлытау түркі елінің киелі өңірі екені экспедиция мүшелері тарапынан айтылып жатыр. Сондықтан, археологиялық қазба жұмыстарымен байланыстыра жүргізген экспедициямыз Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында нәтижелі аяқталып отыр деген ойдамыз», - деп түйді Дархан Қыдырәлі.


Моңғолиядан Ұлытауға дейінгі экспедициялық топтың сапары сәтті аяқталды

Түркі академиясының түркі тарихын зерттеуде, зерделеуде, танытуда көптеген жұмыстарды атқарғаны даусыз. Ендігі кезекте, академия Самарқан, сонымен бірге, Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында Сарайшық, Сарай Берке және Бұлғарға экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Кавказ елдеріне, Байқалдан Балатөңге, Будапешке, Венгрияға дейін сапар шегу көзделген. Бұл түбі бір түркі халықтарын жақындастыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ, тарихымыздағы көптеген ақтаңдақ беттер ашыла түспек.

Түн батып кеткеніне қарамастан экспедициялық топ «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына бас сұғып қайтты. Өз ісін меңгерген мұражай қызметкері Нұрсұлу Райымова топты тарихи мұралармен таныстырды. Экспедиция түн ауа Жезқазғанға қайта жолға шықты.

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер