Моңғолиядағы кешеннің Елтеріс қағанға қатысы болуы үлкен жаңалық болайын деп тұр - Мырзатай Жолдасбеков

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Мемлекет қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков Түркі академиясы халықаралық ұйымының Моңғолиядағы «Шивээт Улан» ғұрыптық кешенінде жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесіне қатысты пікірін білдіріп, академияның атқарған еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Аз уақыттың ішінде игілікті істер атқарылған екен. Өзім қатты қуанып отырмын. Бірлесе жұмыс жүргізуді қолға алып, осының бәріне мұрындық болып отырған Моңғолия үкіметіне, ондағы музей басшыларына еліміздің атынан шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Онда ұлы хандарының әулетінің кешендері жатыр. Сіздер барып (Түркі академиясы -авт.) зерттеген жақ бұрын ашылмаған еді. Зерттеушілердің табаны тимеген жер еді. Жалпы Қазақстан мен Моңғолия жерінде Ұлы даланың тарихы жатыр. Осы тарихтың сырын ашуға экспедицияның келешектегі жұмысы үлкен септігін тигізеді деп қуанып отырмын. Бұл түркология іліміндегі үлкен қадам, айтарлықтай жаңалық деп есептеймін. Түркі академиясы аз ғана уақыттың ішінде Моңғолияға барған сайын көп жаңалықтарды әкеліп жатыр. Егер шынында да, екінші Түркі қағанатын құрған, аса ұлы түркі қағаны Елтеріс Құтлық қағанға байланысты кешендер болатын болса, мынау үлкен бір құдіретті жаңалықтарға болайын деп отыр. Сондықтан, осы игіліктіжұмысқа сәттілік тілеймін», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Еске сала кетсек, бүгін Ұлттық кітапханада Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи сананың жаңғыруы» атты ІІI Халықаралық экспедициясын қорытындылап, Моңғолияда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстырған болатын. Моңғолияның «Шивээт Улан» ғұрыптық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде зерттелген орынның Елтеріс қағанға арналғандығы айқындалып отыр.

Соңғы жаңалықтар