Моңғолия мен Қазақстан жеріндегі «бұғы тастардың» тарихы тереңде жатыр - профессор Баярсайхан Жамсранжав

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алтайдан Атырауға дейінгі ұшы-қиыры жоқ қазақтың байтақ даласындай, арғымақтың белі бүгіліп, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр моңғол жерінің де тарихтан сыр шертер жұмбағы мол. Қазақтың да,моңғолдың да кермиық, кең көсілген даласының әр тасы тарихқа айналып, бұрын мен бүгіннің куәсі іспеттес үнсіз мүлгиді. Тылсым даланың жұмбағынан тырс етіп сыр ашпағанынан ба, әлемнің түкпір-түкпіріндегі туристердің соңғы жылдары Моңғолия жеріне деген қызығушылықтары артып келеді екен. «...Адамдар қазір түп-төркінін, алтын бесігін іздеп жүр» дейді білетіндер. Осы ретте Ұлытауға бірге сапар шеккен моңғол профессоры Баярсайхан Жамсранжавты әңгімеге тартқан едік. Соңғы кезде АҚШ пен Жапонияның археолог-зерттеушілерімен бірге өткеннің жұмбағын шешпекке бекінген моңғол ғалымының жаңалығы да жоқ емес. Әсіресе, бізді ғалымның «бұғы мәдениеті» туралы айтқаны қызықтыра түсті.

Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) бастамасымен Моңғолияның Кентай өңірінен басталған экспедицияның бір сапарында болып қайту бақыты бізге де бұйырды. Осылайша, ұлылар мекені Ұлытауға жолға шыққан экспедициялық құрамның «тілшілер қосынына» біз де қосылдық.

null 

«Жол мұраты жету» демекші, Жезқазғанға дейін 734 шақырым а дегенде оңайлықпен жеткізе қоймастай көрінген. Алайда білмегенін білуге құмар тілшілер мен айтуға келгенде аянып қалмас тарихшылар үшін ғанибетке толы әңгіме жолды қысқартып-ақ тастады. Өз кезегімізде Моңғолияның Ұлттық музейі директорының орынбасары Баярсайхан Жамсранжавты сөзге тарттық. Профессор Моңғолия жеріндегі бұғылар бейнеленген тас мүсіндерді зерттеп жүргенін айтады. Көшпенді бабалардың көшелі мәдениетінен хабар беретін тас мүсіндер арқылы мыңдаған жылдар бұрын бабалар ұрпағына не айтқысы келген екен?.. «Осы сұрақтардың жауабына барымды арнадым» дейді профессор Баярсайхан.

- Баярсайхан мырза, тас мүсіндерде бұғы бейнесі қалай бейнеленген? Бұғы тастар жалғыз Моңғолия жерінде кездесе ме?

null 

- Ең алдымен, менің негізгі бағытым - көне тарихты зерттеу екенін атап өткім келеді. Соның ішінде - қола дәуірі. Қола дәуірі ескерткіштерінің қазба жұмыстарына 10 шақты жыл қатысып келемін. Бірнеше елдің зерттеушілерімен біріккен экспедицияларда болдым. Бұғы бейнеленген көне тастарды «бұғы тастар» деп те атаймыз. Бедерлі тастарда мүйізін сағалаған бұғылардың аспанға тік шапшып, шауып бара жатқан бейнелері көрінеді. Сол бұғы тастардың семантикалық мағынасын шешу, оны не үшін тұрғызды, қашан тұрғызды, жер жүзіндегі саны қанша - сол туралы докторлық диссертация қорғадым. 

Әлемде бұғыға арналған 1500 ескерткіш бар. Сол 1500-дің 1300-і Моңғолия жерінде сақталған. Ал қалған екі жүз ескерткішке келер болсақ, Таулы Алтайда 60, Енисей бойында 20-дай, сонымен бірге Сібір жақта да мұндай тастар баршылық. Шығыс Қазақстан аумағындағы Тарбағатай тауларында шамамен 40 бұғы тастар бар деп естимін. Шыңжаң Алтайында 92 бұғының ескерткіші бар. Сондай-ақ, олар Кавказ елдеріне де тараған. Ол жақта 24 бұғының ескерткіші сақталған.

- Сонда бұғы тастар қай дәуірге жатады?

- Бұғы тастар - осыдан 3000 жыл бұрын жасалған мәдени ескеркіштер. Сол кездегі көшпелі бабаларымыз үлкен қорымдарды тұрғызған. Бұғы тастарды сол қорымдарды жасаған бабаларымыздың ғұрыптық кешені десек те болады. Яғни, тәңір, аруаққа сыйынатын кешендер. Бұғылы ескерткіштерді қазғанда жылқының сүйектері табылды. Сол кезде құрбандық шалған болуы керек. Табылған жылқының сүйегін радиокарбондық жолмен Америка мен Жапонияға тексеруге жіберген болатынбыз. Сол арқылы бұл мұраның 3 мың жыл бұрын тұрғызылғанын анықтадық.

null  

- Жоғарыда атап өткеніңіздей, бұғы тастардың семантикалық мағынасын шешіп көрдіңіздер ме?

- Бес тонна салмағы бар, бес метр биікте тұрған бұғының ескерткіші бар. Ең үлкені де осылар. Ең кішкентайы құтыдай. Құпиясы мен тылсымы күшті. Мәселен, тасы жоқ ен далаға бес тонна тас әкеліп, үлкен бұғының мүсінін, мүйізін алшайтып қайтіп қойған? Тас жоқ жерге тасты қалайша әкелген. Мұның бір құпиясы болуы керек қой. Мұндағы мүйізі арбиған бұғының суреті әлбетте, шаманизмге байланысты деген ойдамын. Бұл бақсылық дінге байланысты мұра. Қола дәуіріндегі адамдардың сенімі бойынша бұғы қайтыс болған адамдардың жанын, рухын ана әлемге тасымалдайтын жүйрік көлік болған. Біздің бабаларымыз «өлген адам бұғыға мініп қараңғы әлемге кетіп қалады» деп сенген. Кеткен адамның рухы тыныш болсын деп, бұрынғылар ескерткіштерді тұрғызған болуы мүмкін. Бұның бір мысалы фольклорда да бар. Эпоста, ертегіде, бақсы сарынындағы жырларда «Ата-баба рухын, көтере көр ақмарал», «Ана жаққа жеткізе гөр жүйрік бұғым» деген секілді тіркестер кездеседі. Соған қарағанда бұғыларды рухтарды тасымалдайтын жүйрік көлік ретінде көргені анық.

null

- Демек, осыдан 3 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарыдң кәсіптік шаруашылығында бұғының рөлі басым болғаны ғой...

- Дұрыс айтасыз! Кәсіптік шаруашылық бағыты өзгерген уақытта жылқы алдыға шықты. Қола дәуірінен кейін жылқыны қолға үйреткесін бұрынғылар жылқыға табынатын болған. Мысалы, Алтайдың Пазырық мәдениетінде аттарды құрбандыққа шалып жерлеген. Бірақ, жылқының басына мүйіз тағып қойып жерлейтін болған. Бұл бұғыны кие тұтқан тайпалардың синкретті дәуірі болып табылады. Пазырық мәдениетінен кейін адамдар қайтыс болған кезде олармен бірге аттарын да жерлейтін болған. Енді есептей беріңіз, Пазырық
- 2500 жыл бұрынғы мәдениет. Ал қола дәуірі осыдан 3 мың бұрын өтіп кеткен. Демек, 500 жылда шаруашылық кейпі өзгерген. Моңғолиядағы бұғы кешендерінің қасында кішкене қорым ретінде тасаттық тастары көрініп тұрады. Кейбір кешендерді жылқы тұяқтары арқылы зерттесек, мың жылқыға дейін құрбандыққа шалған.

- Ал бұғы мәдениетінің басқа елдерге таралуы туралы не дейсіз?

- Біздің дәуірімізге дейін 7 ғасырда бұғы мәдениетінің Кавказға дейін көшкені белгілі болып отыр. Кавказда 20-дай ескерткішті қалдырып, сол кездегі адамдар басқа мәдениетке сіңісіп кеткені көрінеді. Содан бейіттегі кісілердің сүйегін қазып алып, ДНК-сы арқылы тегі кім екенін әлі де зерттеп жатырмыз. Алтай тауында Өтүкен, Хангай тауларында табылған бұғы ескерткіштерінің адамдары моңғолойд типтес, Ал Алтай тауларында табылған адамдардың ішінде моңғолойдтармен бірге, еуропойдтар да кездеседі. Негізі бұл бұғы мәдениетінің негізгі ескерткіштері - Хангай, Өтүкен жоталарында сақталған. Қола дәуірінде қалған бұғының үлкен алып кешендерін тұрғызған, Кавказ еліне дейін апарған адамдар күннулерден бұрын өмір сүрген, бір мемлекет орнатқан үлкен бір іргелі ұлысымыз болған шығар. Тарих ұмытылып отыр.

null

- Жалпы бұғы мәдениетін зерттеген басқа да ғалымдар, археологтар бар ма? Болса олар қандай тұжырымға сүйенеді?

- Бұлар туралы қандай да бір жазба деректері жоқ. Олардың мәдени кешендері, қоныстары мен шаруашылықтарын зерттесек, бұғы мәдениеті тұсындағы адамдардың үлкен әрі дамыған, күрделі мәдениетке, мемлекеттік санаға ие ел болғанының ізі көрінеді. Жалпы, ұлы даланың мәдениеті жоқ жерден пайда болмаған, бір-бірімен тығыз байланысты. Бұғы мәдениетінің адамдары жылқы мәдениеті, ат өркениетіне тікелей байланысты. Сол бұғы мәдениетін жасаған дәуірдің өкілдері кейіннен жылқы мәдениетін жасаған өте іргелі ел болғаны айқын. Бұл мәдениеттің жасын бұрын орыс ғалымдары теріс есептеп келген. Орыс ғалымдары сақ мәдениетінен кейін пайда болған деп айтқан. Біз тексеріп көрсек, бұл мәдениеттің сақтардан бұрын пайда болғаны анықталып отыр.

- Бұғы мәденитіне жататын тарихи кешендерден қандай да бір мұралар табылды ма?

- Бұл кешендерде адамның тарағы, садақтың жебесі, жүген, білезік секілді тұрмыстық қолданыстағы көне заттар табылады. Соларды біздің ұлттық аңыздармен, эпостар және жырлармен салыстырып, сол арқылы бұның - мәдениетіміздің бастауында тұрған ұлттық код екенін айқындадым. Бұғы кешені туралы өзімнің монографиямды дайындап жатырмын. Егер ол шықса, бұғы мәдениеті туралы жазылған бір айтулы еңбек болып қалар деген үмітім зор. Сол тарихтың тылсым сырлары ашылады-ау деген сенімім бар. Бұғы мәдениетін кеңестік ғалымдар зерттегенімен, тұрғылықты халықтың ұлттық болмысымен, жан-дүниесімен, әдебиетімен салыстырмапты. Осы тұстан кемшін түскен. Біз осыны бірінші болып қолға алып жатырмыз.
Мен Вашингтондағы Семисон университетінің Уильям Фетсиоген деген профессорымен 15 жыл бойы бұғы мәдениетін зерттеп жүрмін. Бұл біздің ортақ жобамыз. Сіздерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен Ботай мәдениеті әлемге әйгілі ғой. Мен сол кезеңді зерттеп жүргендіктен, Ботай қонысына да барып көргім келеді. 1870 жылға дейін Орта Азияда тарпаң деген жылқы болды ғой. Моңғол жылқысы сол тарпаңнан шыққан.

null

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін.

- Сізге де рахмет!

Соңғы жаңалықтар