Моңғолия қазағы министр болып тағайындалуы мүмкін - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Отандық «Композитор» фильмінің Қытай жеріндегі түсірілімі басталды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

null 

Қытайдың Ян-ан қаласында Қазақстан мен Қытай бірілесіп түсіретін «Композитор» атты көркем фильмінің түсірілім жұмысы басталды. Осыған орай салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com сайты.

Аталған сайттың жазуынша, фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shineworks Pictures» және «China film coproduction corporation» компаниялары бірлесіп түсіреді. Фильмнің Қытай жеріндегі түсірілімінің басталуына орай өткен шараға фильм өндірісімен шұғылданып жатқан екі елдің кинокомпанияларының өкілдері қатысқан.

«Бұл «Композитор» атты көркем фильмге қос композитор Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы арқау етіп алынған. Фильмде соғыс жылдарындағы азапты күндерде достық орнатқан екі тұлғаның жан тебірентерлік хикаяттары баяндалған. Яғни, өмірде болған оқиғаның ізімен түсірілмек. Си Синхай 1941 жылы Ресей жерінде жүрген кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, оның отанға оралуы кедергіге ұшырайды. Содан ол Алматы қаласына келеді. Ешқандай танысы жоқ, қиын - қыстау кезінде Бақытжан Байқадамов оған жәрдем беріп, Қытай - Қазақстан халқының достық тарихының тың парағын ашады», - деп жазады аталған дереккөз.

Еске сала кетейік, фильмнің 80 пайызы Алматыда, ал жиырма пайызы Қытайда түсірілетіні және монтаждау, компьютерлік графика жағымен толықтай қытай тарапы айналысатыны осыған дейін БАҚ-та жарияланған болатын.

Си Синхай - Қытай Халық Республикасының Халық композиторы атағына ие болған, қысқа ғана ғұмырында 300-ден аса шығармалар тудырған дара талант иесі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде саяси қуғын-сүргін көрген ол өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізген. Қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Дұрысы, Си Синхайды Бақытжан Байқадамов аштық, қайыршылық күйден құтқарған, қайтадан шығармашылық ортаға оралуына септігі тиген.  

Моңғолия қазағы министр атануы мүмкін - kaznews.mn

null 

Моңғолияның жаңадан жасақталған Үкіметінің министрлер кабинетіне Баян-Өлгий аймағынан Парламентке сайланған депутат Бәделхан Қабдісіләмұлы енуі мүмкін. Бұл туралы kaznews.mn ақпараттық порталы хабарлап отыр.

Дереккөз мәліметінше Бәделхан Қабдісіләмұлы жаңа жасақталған Үкіметке Құрылыс және қала құрылысы министрі лауазымына тағайындалмақ.

«Моңғолия қазақтарынан 21 жыл бұрын Инфрақұрылым министрі лауазымын Сандалхан Раздықұлы атқарған болатын. Бұдан кейін вице-министр лауазымына бірнеше саясаткерлер тағайындалып отырғанымен, министр лауазымы ешбір қазаққа бұйырған жоқ. Бәделхан Қабдісіләмұлы бұған дейін Баян-Өлгей аймағының әкімі, Парламент мүшесі, өнеркәсіп вице-министрі лауазымдарын атқарып келген», -деп жазады ақпараттық портал.

Аталған сайттың жазуынша, Моңғолияда 7 қыркүйекте шақырылған кезекті сессия отырысында премьер-министр Ж.Эрдэнэбат  (Ердінбат) отставкаға кетіп, 4 қазанда У.Хүрэлсүх (Күрелсүк) Моңғолияның Премьер-министрі болып тағайындалған.  

Қазақстан Ресей мен Қытайға темір жол арқылы экспорт мен импорт көлемін арттырды - «Фарс» ақпарат агенттігі

null 

Қазақстан 2017 жылдың қаңтар және қыркүйек айлары аралығында темір жол арқылы экспорт көлемін 12 пайызға, импорт көлемін 19 пайызға арттырды, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«2017 жылдың қаңтар және қыркүйек айлары аралығында Қазақстаннан Қырғызстанға жүк тасымалдау көлемі 24 пайызға, Қытайға 19 пайызға, Ресейге 12 пайызға артты. Ағымдағы жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға Қытайдан темір жол арқылы келген импорт көлемі 26 пайызды, Ресейден 19 пайызды, Өзбекстаннан 16 пайызды құрады. Осы уақыт аралығында Каспий халықаралық транзит теңіз жолдарының жүк тасымалдары арқылы экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 62 пайызға ұлғайды», - деп хабарлайды «Фарс» ақпарат агенттігі.  

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Жэньминь жибаоға» сұхбат берді - «Жэньминь жибао» (People Daily)

null 

Қытайлық kazakh.people.com сайты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың «Жэньминь жибаоға» берген сұхбатын жариялады.

Аталған газеттың Қазақстанда тұратын меншікті тілішісі Жоу Ханбодың ҚР депутаты Азат Перуашевтан алған сұхбаты көрші екі ел арасындағы саяси, экономикалық байланыстар турасында өрбіген. Ол сұхбатында Си Цзиньпиннің «Бір белдеу - бір жол» бастамасы мен Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасы бір-бірімен үндестік тауып, Қазақстандағы экономикалық белсенділікке және Орталық Азиядағы барлық аймақтарға позитивті ықпал етіп жатқанын айтады.

«Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы мен ҚХР Төрағасының «Бір белдеу - бір жол» бастамасы Қазақстан мен Орталық Азия экономикасының дамуына тың серпін беріп, осы елдердің экономикалық және мәдени байланыстары арта түсті. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында құрылған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорындары көбейіп келеді. «Ақжол» партиясы «Бір белдеу - бір жол» стратегиясының осындай маңызды қадамдарын қолдап отыруға ниетті», - деген Азат Перуашев.

Сондай-ақ, сұхбатта 18 қазанда өтетін Қытай коммунистік партиясының 19-шы съезі Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының одан әрі дамуы үшін де маңызды рөль атқаратыны атап өтілген. Азат Перуашевтің айтуынша, алда ашылатын 19-шы съездің маңызы жоғары, бүкілқытайлық құрылтай жиналысы Қытай халқының алдағы 5 жылдағы ел өмірінің басым бағыттарын жоспарлаумен бірге, ондағы шешімдер Қазақстан мен басқада көрші елдер үшін де өзекті болмақ. А.Перуашев ҚКП бүкілқытайлық съезінің Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасында белсенді рөл атқаруын үміт етіп, бұл кезекті құрылтайдың сәтті ашылуына тілектестік білдірген.  

Қырым татары Джамала БҰҰ елші атанды - ТРТ порталы

null 

Қырым татары, әнші Джамала БҰҰ Халықаралық көші-қон ұйымының игі ниет елшісі атанды, деп хабарлайды Түркия телерадио мекемесінің сайты. 

«БҰҰ-дан жасалған хабарламада Джамаланың игі ниет елшісі ретінде адам саудасына қарсы жүргізілетін күреске қатысатыны мәлім етті. Джамала замандас құлдыққа қарсы ұйымдастырылатын ақпараттық акцияға атсалысқан, ол осы мәселеге қатысты ойын арнайы түсірлген видеороликте мәлім етті. Өткен жылы Швецияның бас қаласы Стокгольмде болған Eurovision ән байқауында Қырым татарларының трагедиясын «1944» атты әнімен жеткізген Джамала Украинаға бірінші орынды сыйлаған еді», - деп жазады ТРТ порталы.

Қытайлықтар сахара меруеті атаған Ақсай - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

null 

Қытайдың kazakcnr.com сайыты Қытайдағы қазақ халқы қоныстанған Ақсай қазақ автономиялық ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі, экономикалық даму үрдісі туралы аудан әкімі Қалибек Солтанұлымен болған сұхбатын жариялады.

null 

Аталған сайттың жазуынша, Қытайдағы үш қазақ автономиялық ауданының бірі саналатын - Ақсай қазақ автономиялық ауданы 1954 жылы құрылған. Ауданда қазақтардан басқа қытай, ұйғыр, дүнгендер мекендейді. Аудан Гансу, Шыңжан және Цинхай өлкелерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Жер бедері күрделі, айналасы тау, биік үстірт, құмды шөл дала. Аудан табиғи ресурстарға бай. Бұл өлкеге қазақтар 1934 - 1939 жылдары Алтай, Баркөл жерлерінен ауып барған.

null 

Қытайлық БАҚ-қа сұхбат берген аудан әкімі Қалибек Солтанұлы Ақсай қазақ автономиялық ауданның бүгінгі күнгі жеткен жетістіктері мен ел өміріндегі жаңалықтар туралы жан-жақты тоқталады.

null 

«Мемлекет тарапынан аудандарды жан-жақты саралап бағалауда біздің аудан қоғамдық тәртібі тыныш, ұлттар ынтымағында үлгілі аудан, жасыл желекті, таза аудан атағына ие болды. Аудан экономикасы қарышты дамып, бұрынғы ұлтымыздың тау сағалап, бұлақ жағалаған көшпенді өмірі түбегейлі өзгерді. Халқымыз ұлттық мәдени құндылықтарын сақтай отырып, қала салып, отырақтасуға бет алды. Ауылдағы атпен ғана жүретін жалғыз аяқ жолдар, осы заманғы автомобиль жүретін тас жолға айналды. Тезек тұтатып, отын жағудан табиғи газды жағып пайдалануға өттік», - дейді аудан әкімі.

null 

Қалибек Солтанұлы бұдан басқа да ауданның өзекті жаңалықтарын тілге тиек етіп, ел өмірінің тыныс-тіршілігін баяндап берген. Аталған сайт сонымен бірге Ақсай ауданының әсем даласының табиғатын, сәнді қаласын түсірген суреттерді де ұсынады.

null 

null 

Соңғы жаңалықтар