Моңғолдың қасиетті шыңын бағындырған қазақ - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

 *  *  *

Жаужүрек қолбасшы Сыздық сұлтан - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
null 

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан туралы зерттеуге қанықпыз ба? Сүйегі асыл сұлтан туралы қанша жазылғанымен, оның әлі күнге жұртшылыққа жетпеген тұстары бар екені байқалады. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған мақала да осы олқылықты дөп басып, зерттеушілерге бір жол сілтейтіндей. «1889 жылы оның інісі Ахмет сұлтанның «Кенесары және Сыздық сұлтандар» деген еңбегі орыс тіліне аударылғанда орыс ғалымы Смирнов: «Бұл еңбек Орта Азияны жаулап алудағы бізге беймәлім көптеген деректерді баяндауымен бағалы. Ахмет сұлтанның жазбаларынан Кенесары ханның күресі мен Сыздық сұлтанның өмірбаяны және күресі жөнінде бізге белгісіз оқиғалар туралы құнды деректерге қанықтық» деген екен. Сыздық сұлтанды Смирновтың өзі: «Орта бойлы, жасы елуден асқан, аздаған ағы бар сақал-мұртты, дене пішімі қолдан құйғандай, әр қимылы, сөзі салмақты, суық көзді, бет әлпеті келісті, бар болмысынан ақсүйектерге тән леп ескендей. Бір қарағанда орта жастағы қарапайым адам дерсің. Ал, сөйлей бастағанда жаңағы байсалдылық, биязылық жоғалып, көздері ұшқын шашып, әр сөзін шеге қаққандай нықтап, ойын анық жеткізіп, әр қимылынан билік етіп үйренген, айтқанын істететін екпіні байқалады. Иә, расында да осы Сыздық қой әр кезде ойламаған жерден тап беріп, патша әскерінің зәресін алатын, қарамағындағы қазақ пен түрікмен жауынгерлерін отқа да, суға да тайынбай салатын. Оның білгір, әскер ілімінің шебері, нағыз жаужүрек қолбасшы екенін байқайсың. Алғашқы көргендей момақан қазақ емес, нағыз кәсіпқой әскербасы екенін білесің» деп жазған».

Бұл ретте мақала авторы Сыздық сұлтан туралы, оның ерлік істері туралы біраз жазылғанын, алайда тиянақты зерттеу болмағанын алға тартады. Жазуынша, сұлтанның Ташкент қаласын қорғауда бас қолбасшы, Бұхара, Хиуаны орыстардан қорғауды білгір ұйымдастырып, Қашқар елі әскерінің бас қолбасшысы болғаны тегін емес. Патшалық Ресей Сыздық сұлтанның дарынды қолбасшы, ұйымдастырушы екенін мойындап, Петерборға ақ патшаның қабылдауына шақырып, сый-сияпат көрсетіп, арнайы жер беріп, ол жердің тұрғындарын салықтан босатып, сұлтанға өмірлік зейнетақы төлеп тұруы да жайдан жай емес.

«Осындай елі үшін, елінің бостандығы үшін күрескен қолбасшыға Шымкент қаласынан көшенің немесе мектептің аты берілсе, бүгінгі жастар да ұлты үшін жиырма жыл бойы аттан түспей күрескен қазақтың қайсар ұлын біліп, бой түзер еді...» дейді автор Москау Ноқрабеков.

  

Шылымқорлық - шыбын жанның соры... - «Aq jol» газеті

Темекінің адам денсаулығына тигізер зиянын жұрттың бәрі біледі. Ұлт саулығы үшін темекінің құнын көтеру, қорабына үрейлі суреттер салу секілді күрес түрлері де осындай алаңдаушылықтан туындаған. Оны былай қойып, өшірілмеген темекі тұқылынан туындаған өрттер ел экономикасына, экологияға, тіпті жеке тұрғындарға да орасан зор шығындар келтіруде. Осы ретте «Aq jol» газеті темекішілдікпен қоғам болып күресу жайына тоқталады. Әсіресе, қоғамдық орындарда темекі шегуге, оның тұқылын тастауға қарсы күрестің бүгінгі көрінісін мысалдап, әлемдік тәжірибелерді де алға тартады.

«Ұлыбританияда мүлдем темекі тартуға болмайды. Қоғамдық орындарда темекі тартқан жан әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейді. Мысалы, Лондон қаласының көшелерінде шылым шегуге қарсылық білдіретін азаматтар темекі тартқан кісіні көрген жағдайда, әкімшілікке бірден шағым түсіре алады. Сыпайы дейтін сингапурлықтар да солай етеді. Германияда темекіқұмар жан жұрт назарынан тыс, тығылып жүріп темекі тартса да, әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Халық көп шоғырланған жерде темекі тартқан жағдайда 1 мың еуроға дейін айыппұл салынады. Таиландта күшіне енген темекі шегуге шектеу қою жөніндегі заң 100 мың тай валютасы немесе 176 мың рубль көлемінде айыппұл салу және бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады».

 

Мәскеуден жеткен Ақын Сараның портреті - «Жетісу» газеті

null 

Жақында Мәскеудегі бір музейден биыл 165 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Ақын Сараның құнды жәдігерлері әкелінген екен. Осылайша Мұхамеджан Тынышпаев атындағы  Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі біршама құнды дүниелермен толыққан. Бір қызығы Ақын Сараға тиесілі  жәдігерлерді Мәскеу мұражайына мүсінші Маргарита Ващенко өткізген.  Ол кезінде Талдықорған облысының бас сәулетшісі болған екен. Сол жылдары Маргарита Ващенко  Ақсу ауданының Көшкентал ауылына және  Жансүгір елді мекеніне Сара Тастанбекқызының  ескерткішін орнатады. Өзі өмірден  өтерде қызы Гелия Тимофееваға Ақын Сараның портретін, құжаттарын қазақ еліне жеткіз  деп аманат айтады. 

«Маргарита Ващенко қазақ елін шексіз сүйген. Елге деген құрметін Ақын Сараға ескерткіш орнатуы және Мәскеудегі жәдігерлерді елге жеткізу жайлы қызына айтып кеткен аманатынан аңғаруға болады.  Осы ақын мұрасын елге жеткізуде үлкен еңбек сіңірген Салтанат Дәулетханқызына рахмет айтуымыз керек. Ол  шетел мұрағатынан 12 құнды жәдігерді шашау шығармай елге жеткізіп, бүгін өлкетану музейіне табыстап отыр, - деді Оралбек Жақиянов».

  

Моңғолдың қасиетті шыңын бағындырған қазақ - «Дидар» газеті

null 

«Дидар» газетінде Дүйсен қажы туралы мақала жарық көрді. Мақалаға арқау болған кейіпкерге қатысты аңыз әңгімелер Шығыс Қазақстандағы аңшылармен кездесуден кейін туған екен. Тілші аңшымен кездесу барысын суреттеп, оның ұсталығын, шеберлігін де әңгімеге қосады. «Біз жетпіске таяп қалған кейіпкеріміздің бойындағы өнерін санамалап тауыса алмайтын сыңайлымыз. Кім екенін, ел аузындағы аңшылық туралы аңыздардың ақиқатын анықтайық» деп түйіндейді.
null 

«Барқытбелдің шығысындағы Майлы-Жайырда туған Дүйсен Шөкенұлы 2005 жылы атажұртқа оралыпты. Өзімен бірге он баласы да осы жаққа өткен. 1992 жылы мұсылманның бес қарызының бірі - қажылық сапармен Меккеге барып қайтқан».

Әңгіме арасында журналист «жаралы текені қуып, жан баласы баспаған жалама жартасқа шыққан әңгімесін» сұраған. Тақырыпқа арқау болған «Моңғолдың қасиетті шыңын бағындыру» да осы хикаядан туындаған екен. «Бұл шыңға артынан да бірнеше рет шығыпты. Киелі тастарының басына оба жиып кеткен аңшыны бұдан кейін жергілікті моңғолдар киелі адам деп қадірлеп жүретін болыпты. Қысты күндері тау басынан таяқпен сырғанап түсе беретін көрінеді. Тіпті таяққа кейде жолдастарын да мінгестіріп алатын көрінеді. Таудан құлдилай зулағанда сай тағанына кез келген аңнан бұрын жететінін айтады аңшы. Қатты қардың бетімнен сағымша зулайтын бұл өнерді аңшының әріптес - інілерінің біреуі ғана меңгеріпті. Қалғандары тәуекелге барудан жүрексінсе керек».

 

Алтын сәндік үшін, күміс емдік үшін - «Сыр бойы» газеті
null 

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, табиғаттағы 92 химиялық элементтің 81-і адам ағзасында кездеседі және әртүрлі қызметтер атқарады. Мысалы, ағзаға темір жетіспесе, қаназдық пайда болады. Мыс мөлшері төмендесе, шаш ағарады, ең бастысы, қанға өтетін оттегі азаяды. Сол сияқты йодтың, фосфордың, кальцийдің, натрийдің өз қызметтері бар.

«Су сұрасаң, сүт берген жеңгелеріміздің күміс білезік тағып жүретінін талай көрген шығарсыз-ау. Бұл білезікті оларға енелері тағады. Себебі күміс таққан қолда зиянды мәкүріктер болмайды. Күмістің осындай тазалықшы, емдеуші қасиеттерін ата-бабаларымыз ежелден-ақ білген. Баланы шомылдырғанда немесе жаялық жуғанда әжелеріміз келіндеріне «күміс білезігіңді шешпе» дейтінін өзіміз естігенбіз. Қыздардың қолына құстұмсық күміс сақина тағу ұлттық салтымызда бар. Ол тек сәндік үшін емес, оның өмірлік мәні де өзекті».

Мақалада сақина салудың сыры, жүзіктің түрлері де айтылады. Мысалы жазуынша, «күмістен соғылған құдағай жүзік екеу болады, екі саусаққа салынады. «Бұл екі жас жұғысты болсын, екі ел туысты болсын» деген ымыра».

Бұдан бөлек, күміс тағудың түпкі сырына бойлап, түрлі аңыздарды алға тартады.

 

Аңыз астарлы ақиқат - «Орталық Қазақстан» газеті
null 

«Әкесі беріде, бір ғасырдың бедерінде (1833-1905ж.ж.) бақилық болған көпестің қызына қатысты көп деректі «аңыз» деп айтуға, ауыз бармайды. Алайда, кезінде «кеніш», артынан «ауыл» атанған «Гүлшат» жөнінде әсерлі әңгіменің әртүрлі нұсқасы бары - ақиқат» деп жазады «Орталық Қазақстан» газеті.

Әңгіме бір кездегі Балқаш маңындағы қорғасын кен орнының қожасы көпес Гүлшат Бекметева туралы болып отыр. Ол туралы әңгіменің бірнеше нұсқасы бар екенін жазған мақала авторы, көңілге қонымды дегенін де алға тартады: Бекметевтер отбасында 1984 жылы 17 наурызда нәресте жарық дүниеге келеді. Көпес жаңадан ашылған кенішті қызының есімімен атайды. Келесі жылы кен орны «Гүлшад» деген атпен тіркеледі. Сөйтіп, көпес қызының есімі Қазақстан картасы мен тарихта қалады.

Жазуынша, танымал татар көпесі Хамидолла Бекметев Қарқаралыда тұрған екен. Ел арасында оған қатысты мынандай әңгіме бар: «өзімен бақталас орыс көпесімен ақшаны тамызық қылып самауыр қайнатуға бәстескен Хамидолла жеңіп шығады. Сол самауыр қазір көпестің үйінде орналасқан аудандық өнер мектебінің мұражайында тұр. Қарқаралыға жол түскенде, арнайы барып көрдім».

Көпестің қызы кәсіпкерлікке қаршадайынан кіріседі: өз есімін иеленген зауытта есеп-қисап жүргізетін ол 1899 жылы шілдеде кәсіпорын қаражатын қорғау кезінде қарақшы қолынан қаза тапқанда, бар-жоғы 15 жаста екен. Негізі бұл әулет қорғасын зауытын ұзақ ұстап тұра алмаған. Кейіннен семейлік алпауыт А.Деровқа сатқан.

Мақалада автор Гүлшат кен орнының атауынан бастап, оның тарихына кеңінен тоқталып, кейінгі мұрағаттарда сақталған бұйрықтарды да «сөйлетеді».

Атыраулық оқушылар банан қабығының пайдасын ашты - «Атырау» газеті
null 

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушылары Димаш пен Бекзат банан қабығының пайдасын анықтапты. Олардың жаңалығы: банан қабығы арқылы ластанған суды тазалауға болады екен.

«Өткен жылы металлургия саласында көш бастап отырған Қарағандыда көктемгі су тасқынынан кейін жүздеген балықтардың қырылғаны туралы естідік. Су маржандары мекен ететін тоғандарға ауыр металдардың түскені белгілі болды», - дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сыныптағы оқушысы Димаш Итемгенов.

«Осылайша оқушы аталған проблеманы шешу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді бастаған. Оған көмекке сыныптасы Бекзат қосылып, екеуі ластанған суды тазалаудың тың амалдарын ойлап табады. Түрлі танымдық әдебиеттер мен ғаламтордағы ғылыми ресурстардан ақпарат жинаған жасөнертапқыштар жемістердің арасында әсіресе бананның ауыр металдарға қарсы қасиетін кездестірген».

Жас ізденушілер өзге жемістермен салыстырғанда бананның қабығында антиоксиданттар көбірек болатынын анықтаған. Айтуларынша, адсорбенттік қосылыстардың емдеу және тазалау қасиеті өте зор. Өйткені олар ауыр металдарды, залалды бактерияларды сіңіргіш келеді. «Біз, бірнеше банан қабықтарын пайдалана отырып барлығы 12 сынақ жүргіздік. Оның 8-де банан қабықтары мыс, қорғасын, никель және мырыш иондарын сүзіп алғанына көз жетті», - дейді Бекзат Тілеген.

Зәулім мазар салу тоқтатылсын - «Қостанай таңы» газеті

null 

Қостанай облысында жаназа мен жерлеу рәсімінде ас та төк дастархан жаюға тыйым салынды. «Қостанай таңы» газетінің жазуынша, мұндай шешімді Қостанай облыстық Ардагерлер кеңесі, облыстық дін істері басқармасы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі шығарған.

 «Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлының айтуынша,  қазір жаназаны бәсекеге айналдырғандар көбейіп барады. -  Марқұм  шыққан  үйден  ас  та  төк  дастархан жаюды,  ақтық  сапарға шығарып салу кезінде жаназаны митинг етуді қысқарту керек. Алыс-жақыннан келетіндер  дәмнен  ауыз тиіп, дұға-тілекке ортақтасады. Оған азын-аулақ қаражат жұмсау жеткілікті. Осыны әр ауыл-аудандағы ақсақалдар қаперге алсын, - деп айтып өтті Кенжебек Укин».

Жиын қорытындысында  «Жаназа және жерлеу кезіндегі шектеулер», «Ас мәзірі» және «Бейіт салу» бойынша шешім жарияланған. Мұндай шешім Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жаназа және жерлеу рәсімдері туралы» кітабына сүйене жасалған екен. 

Соңғы жаңалықтар