Монако павильонына демеушілік жасаған жоқпын - Александр Винокуров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Монако павильонында күн энергиясымен жүретін бамбук-велосипедтің үлгісі тұр. Экспозияның ақпаратына сәйкес, аталған велосипедті Монаконың техникалық мектебінің оқушылары құрастырған. Ал Олимпиада чемпионы Александр Винокуров осы жобаға демеушілік жасады, деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен ол велосипедті жасауға ақша берген жоқпын. Жай, тесстен өткіздім. Бар болғаны сол ғана. Білуімше, күн энергиясымен жүретін бамбук-велосипедті техникум студенттері құрастырып шықты. Негізі, идеясы жақсы. Бірақ қаңқасын әлі де күшейту керек. Мен өзім теуіп көрдім. Ондай велосипедтің қанша тұратынын білмеймін. Техникумның жігіттері өздері құрастырды, солар біледі. Мен демеушілік жасаған жоқпын. Ол ақпаратты кімнің таратқанын білмеймін. Бір рет теуіп көрдім. Содан кейін осындай ақпарат тараған шығар», - деді Винокуров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
null

Велошабандоздың айтуынша, қазіргі кезде оның өз жобасы бар. Ол - Vino-bike. «Біз осы жобамызды дамытып жатырмыз. Негізгі мақсат - қазақстандық өнімді жетілдіру», - деп атап көрсетті Олимпиада чемпионы.

Айта кетейік, бұған дейін «Монако павильонындағы күн энергиясымен жүретін велосипед жобасына Александр Винокуров демеушілік жасады» деген ақпарат тараған болатын. Осыдан кейін қазақстандықтар өз жерінде өтіп жатқан ЭКСПО-да өзгенің жобасын қаржыландырғаны үшін Олимпиада чемпионын сынға алған болатын. ҚР Инвестициялар және даму вице-министр Роман Скляр Винокуровтың «сыйы» үшін кешірім сұрады.

Соңғы жаңалықтар