Минскілік кәсіпкер Павлодарға трамвайларды жеткізу неге кешіктірілгенін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласына беларусьтік трамвайлардың кешігіп келу себептерін жауапты кәсіпорын түсіндірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы «Белкоммунмаш» унитарлы кәсіпорынның директоры, бас құрастырушы Олег Быцко айтты.

«Өкінішке қарай, дағдарыс бізбен бірлесе жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорынның жұмысына кедергі келтірді, - дейді бас құрастырушы. - Сондықтан бізге трамвай қозғалтқышын жасап беруге жауапты Псков электр механикалық зауыты өзінің ішкі тапсырысын алып, бізді екінші кезекке қойған. Павлодар халқынан сол үшін кешірім сұраймын. Дегенмен, біз 100 пайыз кінәліміз дей алмаймын. Бүгінгі таңда бізде бекітілген кесте бар, соған сүйенсек, барлық 23 вагон қалаға наурыз айында ғана келеді. Бір трамвай жолда келе жатыр, жыл соңына дейін үш, қаңтарда екі вагон жіберіп, кейін алты-алтыдан топтап аттандырамыз».

Олег Быцко атап өткендей, егер трамвай басқармасы тарапынан айыппұл санкциялары тағылса, беларусьтік кәсіпорын оны өтеуге дайын.

Ал, Павлодарға өткен аптада жеткізілген екі вагон мереке күндерінен кейін жолға шығады.

Айта кетейік, бұл вагондарды тексерістен өткізіп, жергілікті мамандарды үйрету үшін қалаға алты шет ел маманы келген. Сұхбат соңында «Белкоммунмаш» унитарлы кәсіпорынның директоры қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, екеуара жұмыстардың осымен тоқтап қалмайтынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар