Министрлік отын тапшылығына қатысты байбалам салған «Эйр Астанаға» реніш білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Эйр Астана" компаниясының Шымкент мұнай өңдеу зауытының жабылуына қатысты байбалам салғаны орынсыз болды. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бүгін "Эйр Астана" тарапынан Шымкент мұнай өңдеу зауытының күрделі жөндеуге жабылатыны туралы мәлімдеме тарады. Ондай мәлімдемелерді жасағанға дейін бізбен ақылдасуға болатын еді. Себебі біз олармен тікелей жұмыс істейміз. Шымкент зауытында тоқтап қалатындай ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары болмайды. Көктемде барлық қондырғылар жөндеуден өткен болатын. Алдағы уақытта дизельді отынды тазарту қондырғысын жаңарту жоспарланған. Дегенмен, аталған жұмыс керосин мен бензинді өндіруге ешбір әсер етпейді", - деді Мағауов.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы 16 қыркүйекте Атырау мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап, бензин өндіруге кірісті. Ал 20 қыркүйекте Павлодар зауыты күрделі жөндеуге жабылды. Келесі жылдан бастап ол да жоғары сапалы керосинді шығара бастайды.

Айта кетейік, «Эйр Астана» әуе компаниясы Ресейден әкелінетін авиакеросиннің тоқтатылуы және Шымкент Мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарына жабылуына байланысты әуе қатынастарында іркіліс болуы мүмкіндігі туралы мәлімдеме таратқан болатын.

Мәлімдемеге қарағанда, жағдай 2017 жылы ушыға түскен. «Эйр Астананың» мәліметтері бойынша, Қазақстанға әуе отынын жеткізіп тұратын басты  экспортер-компаниялар - "Газпромнефть", "НК Роснефть", "Лукойл" және "Татнефть" жеткізілімінің орташа айлық мөлшері 2016 жылы 44 мың тонна болса, 2017 жылы ол 15 мың тоннаға дейін қысқарған. Оның үстіне, аталған компаниялар Ресей нарығында сұраныстың артуына байланысты, қазан айында отынды жеткізіп беретіндерін растамаған. Мәселен, "Газпромнефть" авиаотын экспортын 2018 жылдың мамырына дейін жеткізбейтінін мәлімдеген.

«2017 жылы азаматтық авиацияның отынға деген қажеттілігі 800 мың тоннаны құрайды, соның 241 мың тоннасын ғана Қазақстандағы жалғыз тұрақты өндіруші Шымкент Мұнай өңдеу зауыты шығарады. Бірақ үстіміздегі жылдың күзінде жөндеу-алдын алу жұмыстарына байланысты ол да қызметін уақытша тоқтатады. Бұл, ахуалды одан әрі қиындата түспек», - делінген таратылған мәлімдемеде.

Соңғы жаңалықтар