Министрлік АИ-80 бензинінің жоғалуына түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов АИ-80 бензинімен көліктерді қамтамасыз ету проблемасы бойынша депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің автокөліктерін АИ-80 бензинімен қамтамасыз ету проблемасын үш жылдан астам уақыттан бері ешкім шешпей келеді. Ал биыл, 1 қаңтардан бастап аталған отын түрін Кеден одағының техрегламентінің талаптарына орай өндіруге тыйым салынған. Осы орайда бұл жағдайды қалай бағалауға болады? Отынды іздеу кезінде олар 50-ден 200 шақырымға дейінгі жерді шарлауға мәжбүр», - деп атап өтті Парламент Мәжілісіндегі «Халық Коммунистері» фракциясының депутаттары.

Өз кезегінде министр Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа сәйкес, кедендік аумақта, оның ішінде Қазақстан аумағында бірыңғай техникалық регламенттер іске қосылғанын атап өтті. Бұлар айналымға шығарылатын өнімге міндетті талаптарды бекітеді.

«Мәселен, ЕАЭО аясында автокөлік бензиніне қатысты Кеден одағының техникалық регламенті жұмыс істейді. Осы техрегламентке сәйкес, яғни К4 және К5 экологиялық санаттардағы отынға көшуге байланысты, 2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан аумағында К2 мен К3 санаттарындағы отынды импорттау мен өндіруге тыйым салынған. Атап айтсақ, бұл техрегламент АИ-80 (К4 және К5) бензинін өндіруге немесе импорттауға шектеуді қойып отырған жоқ», - деп түсіндірді ҰЭМ басшысы.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі ел нарығында АИ-80 бензинінің аздығы К2 және К3 экологиялық санаттардағы отынды өндіру мен шығаруға қойылған тыйымға байланысты еместігін алға тартуда.

«Атап айтқанда, 80-ші бензиннің жоғалуы ескі «Москвич», «Волга», УАЗ, ГАЗ көліктері,  сондай-ақ ЗИЛ жүк көліктерінің иелері үшін проблема тудырып отыр. Осы арқылы, қазіргі кезде бұл мәселе өзекті. Сондықтан осы бағытта ҚР Энергетика министрлігімен пысықтайтын жұмыстар бар. Өйткені бұл министрлік мұнай өнімдерін өндірудегі мемлекеттік реттеу саласында өкілетті орган болып отыр», - деп атап өтті Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар