Министр Талдықорғандағы әскери қызметшінің өліміне қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Талдықорғанда әскери қызметшінің өзінің басшысына оқ атуы оқиғасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай орын алды. Департамент басшысына өзінің орынбасары оқ атты. Яғни, бұл жағдай олардың өзара қарым-қатынасына қатысты болған. Дегенмен де осы екі басшы бұған дейін қызметтес әрі дос болғанын айта кеткен жөн. Алайда,  оқ атқан әскериді қандай да бір жағдай моральдық-психологиялық күйзеліске алып келді. Әрине, органдар осы оқиғаның себебін нақты анықтайды, бірақ бұл өте жағымсыз әрі қайғылы факт», - деді министр Мәжілісте тілшілерге берген сұхбатында.

Осы орайда, С. Жасұзақов бұл оқиға өзі үшін мүлдем күтпеген жағдай болғанын атап өтті. Қазіргі кезде тоқсан сайын тиісті тексерулер жүргізу тұрғысында шаралар қабылданып жатқан көрінеді.

Министр оқ атқан әскеридің мұндай қадамға баруына қандай себеп итермелеуі мүмкін екендігіне қатысты өзінің пікірімен бөлісті.

«Бұл ретте кейбір сәттер ішкі қатынастарға байланысты екені көрініп тұр, яғни басшы мен бағыныстағы қызметкер арасындағы қатынастар. Қазір әскерге шақырту науқаны жүріп жатыр. Сәйкесінше бұл мезгілде жұмыс күрделене түседі. Бұл әскери қызметші Қарулы Күштер қатарына жастарды шақырту мәселесіне жауапты болды. Осы орайда күн сайын бұйрықтар болады, талаптар қойылатыны анық. Бұл тұрғыда оның қызметінде шынымен де тиісті қиындықтар болуы мүмкін. Сонымен қатар, марқұм болған әскериге қатысты жаман пікір айтқым келмейді, бірақ та ол басшы ретінде қарамағындағы әскериге жоғары талаптар қойған да шығар. Өз кезегінде орынбасары бұл жүктемеге шыдай алмаған болар», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының аяғында Талдықорғанда әскери қызметші қызметтесін атып тастаған болатын.

Соңғы жаңалықтар