Министр Қасымов су тасқыны туралы: Судың бизнес екенін ұмытпау қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов су тасқынына себеп болатын негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде су тасқыны қаупі бар облыстарға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Себебі өзен арналарын күшейту және тағы басқа шараларды атқару қажет.

«Ашығын айтайын, су - ол бизнес. Олар тоғандарды салып тастайды да, суды ұстап отырады. Мысалы, Қарағандыда барлық су қоймалары металлургиялық комбинатқа қызмет көрсетуге арналған. Су болмаса, өндіріс тоқтап қалады. Өткен жылы қалай болды? Ауа райы болжамы дұрыс жасалмағаннан кейін қоймалардың иелері суды жинай берген, жинай берген. Ал күн күрт жылынып кеткенде қардың суы көптеп келе бастады. Олар алды да, суды жібере салды. Содан өзен арналары тасып, төменде отырған елді мекендерді су басты», - деді Қ.Қасымов журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, бүгінде Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін судың көлемін бақылау шаралары жүргізіледі. Алайда табиғаттың тосын сыйлары тағы бар.

«Мәселен, қазір Шығыс Қазақстан облысы мен Аягөзде болған жағдай - бұл таза нонсенс. Екі күннің ішінде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түсті. Бұған дейін қатты аяз болды. Жер бір жарым метрге дейін қатып қалған. Содан су жерге сіңбей, жан-жаққа жайылып жатыр. Қарағанды облысында да солай. Бұл тек жауын-шашынның нәтижесі ғана. Өзендер әлі тасыған жоқ. Енді, биыл қар аз болды. Сондықтан өзен арналары қатты тасымайды деген үміт бар», - деп атап көрсетті Қ.Қасымов.

Соңғы жаңалықтар