Министр Қасымов мүгедек оралманға көмектесуге уәде етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Астанада "Нұр Отан" партиясының қабылдау бөлімінде ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов отызға жуық адамның арыз-шағымдарын тыңдап шықты. Олардың ішінде көші-қон мәселесі бойынша келген қандастарымыз да болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытай азаматы Сарқыт Жетпісxан Қазақстанға туристік визамен келген екен. Алайда уақытын өткізіп алып, көші-қон органдарына дер кезінде тіркеуге тұрмаған. Сол үшін айыппұл төлеуге міндеттелген. Енді, 15 күннің ішінде Қытайға кетуі тиіс.

"Бірақ мен ол жаққа барсам, қайтып келе алмаймын...Кешірім сұраймын. Осы жақта қалғым келеді. Азаматтық алуға рұқсат берсеңіздер", - дейді С.Жетпісxан.

Министр ол өтінішті орындай алмайтынын жеткізді. "Азаматтық алуға өтінішті Қазақстанға келген бойда жазу керек. Сіз үш айды өткізіп алып, азаматтықты сұрап отырсыз. Заңды бұздыңыз. Сізді қалдыра алмаймыз", - деді Қ.Қасымов.

null 

Осыдан кейін министрдің қабылдауына арбаға танылған Сабырғали Солтаншәріп кірді. Оның сенімді өкілі Ұларбек Дәлейұлы мүгедек оралманның мәселесін жан-жақты түсіндіріп берді. "Бұл кісі 2016 жылы сәуір айында отбасымен бірге көшіп келген. Ақмола облысы Ерейментау ауданының Күншалған ауылынан үй алып, сол жерде тұрақтаған. Басында одан сотталмағаны туралы анықтама сұратқан. Оны өздері тұрған ауылдан апарды. Жарамайды деп, қайтарып жіберді. Содан аудандық полициядан алдыртты, оны да жаратпады. Облыстан алдыртты, оған да қарамады. Үрімшінің де қағазына қарамады. Бейжіңнен алып келу керектігін айтты. Сол екі арада уақыт та өтіп кеткен. Тіркеудің мерзімі бітеді. Жаңа заң бойынша сотталғаны туралы қағазды алып тастады. Бірақ тіркеудің мерзімі өтіп кетті ғой. Енді, міне, жағдайы осы. Далаға шыға алмайды. Екі құлағы естімейді", - деді Ұ.Дәлейұлы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Сабырғали Солтаншәріп Қытайда көшіп кеткен азамат ретінде тіркеліп тұр. Сондықтан виза алуға қайтадан барса, түрмеге қамалуы әбден мүмкін.

Министр аталған мәселені пысықтап, шешуге күш салатынын жеткізді. "Біз бұл сұрақты қалай шешетінімізді ақылдасып көреміз. Бірақ заң бойынша бұл кісі Қазақстаннан шығуы тиіс. Біз сыртқы істер министрлігімен ақылдасамыз. Полицияның өзі шеше алмайды. Бұны тек Сыртқы істер министрлігі немесе консулдық қызмет қана шешеді. Ақылдасамыз", - деп атап көрсетті Қ.Қасымов.

null 

Бұдан бөлек, тағы бір отбасы министрден виза мәселесі бойынша көмек беруді сұрады. Үйдің әкесі мен екі баласы азаматтықты алып, Қазақстанда тұрып жатыр. Ал анасы тіркеу мерзімін өткізіп алды. Сол үшін айыппұл төлеуге де міндеттелді. Енді, заң бойынша қайтадан Қытайға баруы тиіс. Алайда ол жақта қамауға алынудан қорқады. "Мен тапсырма беріп көрейін. Бірақ заң бойынша ештеңе істей алмаймыз. Сыртқы істер министрлігімен келісуіміз керек. Қазір заң бойынша шығуыңыз керек. Сосын виза алып, қайтадан келесіз. Сізге көші-қонның басшылығы xабарласады", - деп атап көрсетті Қ.Қасымов.

Соңғы жаңалықтар