Министр Дүйсенова үздік әлеуметтік жобаларды атап өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бес жылдың ішінде үздік әлеуметтік жобалар байқауына 650 өтініш түскен. Соның ішінде 114 жоба жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Осы санаттағы бастамаларға мемлекеттік тапсырыстар мен гранттар беріліп, қаржылай қолдау жасалды,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Естеріңізе болса, еріктілердің автоқызметтеріне арналған жақсы жоба болды. Оны Астананың жастары ұсынған болатын. Қазір аталған бастама бүкіл республикаға тарап кетті. Сосын балалардың жүріп-тұруына көмектесетін вертикализаторлар жобасы да болды. Бүгінде әлеуметтік оңалту орталықтарына барсаңыз, сол вертикализаторларды көруге болады. Үшінші бір жоба - ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған жоба. Соның негізінде отандық заңнамаға өзгерістер енгізілді», - деді ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бүгін республикалық көрменің ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары әлеуметтік қызмет алатындардың санатына қосылды. Ол үшін арнайы стандарт әзірленді. Бүгінде оны төрт облыста іске асырып жатыр. Ал келесі жылы ол шаралар барлық аймақтарда қолға алынады. Үкіметте осы мәселе бойынша арнайы комиссия да құрылды. «Міне, қоғамдық өмірге өзгеріс әкелген бұндай әлеуметтік жобалар баршылық. Осылайша, біз xалыққа қажетті қызметтерді анықтай аламыз», - деп атап көрсетті министр Дүйсенова.

Айта кетейік, бүгін Астанада үздік әлеуметтік жобалардың V Республикалық көрмесі ашылды. Аталған шараның ашылу рәсіміне Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі халықаралық қауымдастықтың Бас xатшысы Ханс-Хорст Конколевскидің өзі қатысты. Биыл аймақтар арасында іріктелген 20 үздік жобаның ішінен үшеуі республикалық деңгейде жеңімпаз атанады. Оның қорытындысы бүгін кешке қарай жарияланады . 

Соңғы жаңалықтар