Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -14 °С
Алматы: -6 °С
USD 335.05 EUR 395.12
RUB 5.66 CNY 50.64
Жаңалықтар

Михаил Гусман: Мемлекеттік ақпарат агенттігі ерекше мәртебеге ие болуы керек

2017 жылғы 6 қазан 17:15 1146
Поделиться:
Михаил Гусман: Мемлекеттік ақпарат агенттігі ерекше мәртебеге ие болуы керек

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Сочиде жуық арада ТМД-ның ақпарат агенттіктерінің жетекшілерінің кездесуі өтеді. Осы жиын алдында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Мәскеуде Ресейдің ТАСС ақпараттық агенттігі бас директорының орынбасары Михаил Соломонович Гусманмен әңгіме өрбітіп, ақпараттық агенттіктерді алаңдататын бағыттар бойынша ойын білді.

- Құрметті Михаил Соломонович, ТАСС-тың өзге елдердегі, соның ішіндегі Қазақстандағы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігімен орнатқан байланысына қалай баға берер едіңіз?

- ТАСС ақпарат агенттігінің «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігімен тарихи әрі берік байланысы бар. Қазіргі «ҚазАқпарат» бір кездегі КазТАГ-тың мұрагері болып есептеледі. Біз бір елде өмір сүріп жатқан уақытта ТАСС үлкен агенттік болды да, оның Қазақстандағы бөлімшесі өте мықты қалыптасты. Иә, қазір де «ҚазАқпараттың» жемісті еңбегінің куәсі болып отырмыз. Біздің байланысымыз үздіксіз жалғасып келеді. Халықаралық шараларда жиі кездесіп, екіжақты негізде жұмыс атқарып, тәжірибе мен ақпарат алмасудамыз. Халықаралық мәселелер бойынша ұстанымымыз бір деуге де болады. Біз ТМД-ның жетекші ақпарат агенттіктері енетін институтта - Тәуелсіз мемлекеттердің достастығындағы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшыларының кеңесі аясында жұмыс атқарамыз. Сондықтан, мен бауырластық деп те артық айтқаным емес, әрі кәсіби байланысымыз нығайып, дами берсін деген тілек білдіргім келеді. Ләйім, солай болатынына сенімдімін.

- ТАСС-ты алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұр? Агенттіктің жоспары қандай?

- ТАСС үшін маңызды бағыттардың бірі - шет елдерде өкілдіктерін көбейту. Агенттіктің бүгінгі таңда шетелде бөлімшелері жетерлік. Біз 70 елде жұмыс атқарамыз. Бірақ, бұл көрсетіш Кеңес одағы кезіндегімен салыстырғанда екі есе аз. Сондықтан, алдағы бір-екі жылда шетелдегі өкілдіктердің санын 100-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

- Медиа-саладағы жаңа технологияларға ойыссақ. ТАСС-та қандай жаңа технологиялар бар? Қандай бағыттар ерекше дамып келеді? Видеоконтенттерді күшейттіңіздер ме әлде әлеуметтік желідегі өнімдерді қолданып жатырсыздар ма? ТАСС парақшаларында онлайн-ТВ жағына өзгеріс енгізілуі мүмкін бе?

- Мультимедиялық дамуды қамтамасыз ететіндіктен, біз заманға сай ақпарат агенттіктерінің трендінде болуымыз керек. Заманауи технологиялар жан-жақты бағыт бойынша даму сатысында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, бізге интернет алаңдармен ақпараттық телевизиялық бағытты дамытуымыз керек. Онсыз бүгінгі таңда ешқайда бара алмайсың. ТАСС агенттігін дамыта отырып, біз әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігін бақылаймыз. Әлеуметтік желінің белсенділігі ақпарат агенттігінің жұмысы болмағандықтан, бұған өте сақ әрі байқап келу керек. Бұл мүлде бөлек сала. Ақпаратты бере білудің өзіндік жолын білу керек. Ол процесті бақылай отырып, бірлесе жұмыс атқарған жөн. Сонымен бірге, оның жұмысына белгілі бір формада араласқан абзал. Бірақ, қайталап айтарым, классикалық әрі дәстүрлі, жұмысы қатаң ТАСС ақпараттық агенттігі қазіргі заманның әлеуметтік желісінен бөлек жұмыс. Сондықтан, бұл тұрғыда бір-бірін шатастырмай, өлшенген қадаммен жақындаған дұрыс.

- ТАСС ақпарат агенттігінің алдағы уақытта ресейлік интернет-БАҚ көздерімен коммерциялық деңгейде бәсекеге түсу жоспары бар ма?

- Қазіргі таңда коммерциялық нарықта мұндай бәсекеге бару тапсырмасы күн тәртібінде тұрған жоқ.  ТАСС- мемлекеттік ақпарат агенттігі. Шынымды айтсам, ТАСС үшін біздегі бар ақпараттарды сараптап отырсам, ешқандай бәсекелесті көріп тұрғаным жоқ. Біз қалай дегенмен әлемдік ақпарат агенттігіміз. Ал егер белгілі бір салада жұмысты жетілдірсек (ондай жұмыстар бар), ақпараттық бренд әрі ақпараттық институт ретінде ТАСС-қа бәсекелес жоқ деп айтуға болады. Біз: «ТАСС хабарламаған ақпарат табиғатта болмайды» деп текке айтпаймыз ғой. Бұл біздің ұстаным. Менің сізге айтарым - Ресейде ТАСС-қа тең келердей бірде-бір ақпарат агенттігі жоқ.

- Мемлекеттік ақпарат агенттігі ерекше мәртебеге ие болуы, оған мемлекеттік құрылымдар мен органдардан бірінші кезекте ақпарат берілуі керек деп есептейсіз бе?

- Әлбетте. Мемлекеттік ақпарат агенттігі сол үшін жұмыс атқарады. Мемлекет сол үшін де өзінің айтулы жаңалықтары шығып тұруы үшін жеке мемлекеттік ақпарат агенттігін ұстап отыр. Бұл бәсекелестік шарттарын бұзатындай дүние емес. Өз кезегімізде біз мемлекет алдында ақпараттың нақтылығы, шынайылығы мен сапасы үшін жауап береміз. Ал өзге де агенттіктер мемлекеттік органдардан алған ақпаратты дабырайтып айтпағанда жөнді қолдана алмауы мүмкін. Біз мемлекеттік институттармен бірлесе жұмыс атқаруда өзіміздің міндетімізді білеміз. Әрбір мемлекеттік ведомстводан барынша ақпаратты көлемдірек алып отырғанымыз абзал деп есептейміз. Сондықтан, ТАСС немесе «ҚазАқпараттың» мемлекеттілігі тұрғысынан көп жағдайға әсерін тигізеді деп ойлаймын.

- Михаил Соломонович, ТАСС-тың басқа да халықаралық ақпарат агенттіктерімен, соның ішінде «ҚазАқпаратпен» алдағы байланысы қалай өрбиді деп ойлайсыз?

- Мен қандай жағдай болмасын бірлесе жұмыс атқара береміз деп есептеймін. Өйткені, бұл екі жаққа да тиімді, кәсіби тұрғыда басымдық береді. Біз күрделі әрі ақпараттық қарама-қайшылығы өршіп тұрған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Ресей мен Қазақстан стратегиялық тұрғыда серіктес елдер. Ынтымақтастығымызды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путиннің арасындағы ізгі қарым-қатынас күшейте түседі. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста ерекше фактор болып есептеледі. Сондықтан, ТАСС пен «ҚазАқпараттың» серіктестігі сол бір достықтың биік деңгейіне жауап бере білуі керек.

- Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ақпарат агенттіктері басшыларының кеңесінен не күтесіз?

- Тәжірибе, жаңа идеялар, жоспарлар. Бізде бөлісетін дүние көп. Бұның барлығы әрқашан маңызын жоймайды. Бұған қоса кездесулер жиі ұйымдастырылып, пайдасын барлығымызға тигізуі керек. Меніңше, алдағы ақпараттық кеңес табысты болады.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет, Михаил Соломонович!


Басты сөздер: БАҚ, Ресей,
Бөлісіңіз:

Аударма:

Аян Бекенұлы

Пікір қалдыру
Мұрағат