Microsoft-тың лицензиялық өнімдерін қалай тегін алуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Финтехэкожүйені дамыту және Қазақстандағы инновациялық стартап-жобаларды қолдау аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы халықаралық Microsoft BizSpark бағдарламасымен бірлесе жұмыс істейтін болады.

Бұл туралы АХҚО баспасөз қызметі хабарлады.

Microsoft BizSpark-қа қатыса отырып, стартаптар Microsoft-тың дизайнға, әзірлемелерге, өнімдерді сынақтан өткізуге және сервистерді интернетке орналастыруға арналған лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерін, сондай-ақ корпорация мен оның серіктестерінің сараптамалық қолдауын тегін алатын болады.  

Бағдарламаға қатысу мерзімі 1 жылды құрайды. Бұл уақыт өткен соң қатысушылар BizSpark бағдарламасы бойынша алған барлық бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерін сақтап, арнайы жеңілдіктермен Microsoft бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерінің жаңартуларына жазыла алады.

«АХҚО» әкімшілігі» АҚ Цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаеваның сөзінше АХҚО қазақстандық және халықаралық стартаптарға жобаларын жаңа технологиялық деңгейде тиімді дамытудың бірегей мүмкіндігін ұсынады.

«Стартап-жоба жүзеге асырылған алғашқы үш жыл ең қысылтаяң кезең. Жоба табысқа кенеле ме, әлде жолы болмай қала ма, осылар айқындалатын сәттер де - осы кез. Біздің міндетіміз - финтех саласындағы енді бағын сынауға кіріскен кәсіпкерлерге барынша қол ұшын созу, оларға қолдау көрсету және инновациялық идеяларын жүзеге асыру мен оларды табысты жобалар/компанияларға дейін дамыту үшін барлық қажетті құралдарды беру. Аталған бағдарламаға АХҚО іріктегендері қоса алғанда, кез келген қазақстандық стартаптар қатыса алады, олардың арасында Fintech Innovation Day, AIFC Fintechstars (хакатон), Акселерациялық бағдарламаның және басқа да жобалардың жеңімпаздары бар. Біз өз стартаптарымыздың табысқа кенелетіндігіне сенеміз», - деді Әсел Жиенбаева.

Microsoft-тың Коммуникациялар және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры Елена Мухсинова: «BizSpark - бұл Microsoft-тың жаһандық бағдарламасы, оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі 100-ден астам елдің саны 50 000-нан асып жығылатын стартаптары қосылып үлгерді. Бұл ұсыныс стартаптарға консультанттардың, инвесторлар мен серіктестердің жаһандық қауымдастығына, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелеріне еркін қол жеткізуге жол ашады. Біздің мақсатымыз - жас әрі инновациялық компаниялар-әзірлеушілерге ешқандай да шығынсыз баға жетпес тәжірибе мен заманауи технологиялардың артықшылықтарына қабылдауға көмектесу болып табалады», - деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар