Металл қабылдау: Әрбір келі үшін зейнетақы жарнасы төленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «көлеңкеде отырған» жұмысшыларды, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды рәсімдеудің жаңа әдісі қолға алынды. Пилоттық жоба аясында металл қабылдау бекеттері темір-терсек үшін берген ақшадан зейнетақы жарналарын төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, қазіргі кезде металл тапсырғаны үшін ешқандай ақы алынбайды. Кез келген адам темір-терсекті жинап, қабылдау бекетіне тапсыра алады. Алайда ол ақша үшін ешқандай әлеуметтік төлемдер жасалмайды. Бүгінде дәл солай жалдамалы жұмысшылар да жалақы алып жүр. Ендігі кезекте металл қабылдау бекеттері темірдің әрбір келісі үшін берген ақшаның әлеуметтік салығын, сондай-ақ зейнетақы жарнасын аударуға міндеттеледі. Пилоттық жоба сәтті іске асса, оны кеңінен тарату жоспарланған. «Салық кодексінде арнайы норма қарастырылған. Бұл біздің өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды рәсімдеудің алғашқы қадамымыз деуге болады. Негізі, зейнетақы заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша жұмыс істейтіндер зейнетақы жарналарын аудара алады. Металл қабылдау бекеттері сол азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша істейтіндердің қатарына қосылып отыр», - деді С.Жақыпова бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде өзін-өзі қамтып жүрген азаматтарды рәсімдеуге арналған заң жобасы пысықталып жатыр. «Жылдың аяғына дейін біз Парламент Мәжілісіне арнайы заң жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Онда «көлеңкеде жүрген» кәсіпкерлерді ресми түрде тіркелуге ынталандыру тетіктері болады. Мәселен, салықтық жеңілдіктер, айыппұлдан босату және тағысын тағы. Осы кәсіпкерлер көлеңкеден шықса, жалдамалы жұмысшылармен келісімшарт та жасалады, әлеуметтік төлемдер де аударылады», - деп атап көрсетті Н.Әлтаев.

Соңғы жаңалықтар