Метадондық терапия тиімсіздігін көрсетті - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Меруерт Қазбекова есірткіге тәуелділіктен емдеу үшін «метадон» пайдалануға қарсы екенін мәлімдеді, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақ жол» фракциясы бұған дейін бірнеше мәрте Қазақстанда «метадон» синтетикалық есірткісіне тыйым салу мәселесін көтергенін еске салып өткен депутат, елімізге «метадон» пилоттық жоба аясында есірткіге тәуелділіктен емдеу үшін тасымалданатынын сөз етті.

Оның сөзіне қарағанда, 2008 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «метадондық» терапияны енгізу бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің пилоттық жобасының қауіп-қатерлі салдары туралы белгілер байқалуда.

Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, метадондық бағдарламаға қатысушылар арасында өлім-жітімнің жоғары деңгейі байқалған.

Денсаулық сақтау министрлігі деректерінде аталған жобаны жүзеге асыру кезеңінде бағдарламаға қатысушы 1 141 адамның түрлі себептермен 875-і, яғни 77 пайызы шығып кеткендігі атап өтілген.

«Бұл өз кезегінде бағдарлама тиімділігінің төмен деңгейде екенін растап отыр», - деді М. Қазбекова.

Белгілі болғандай, «метадон» Ресейде тыйым салынған, Өзбекстан ілкі жобаны тоқтатып, қалған дәріні гуманитарлық көмек ретінде біздің елімізге берді. Қырғызстан депутаттары аталған есірткіні шығаратын зауыт құрылысына қолдау білдірген жоқ.

Соңғы жаңалықтар