Менің кейіпкерім шынайылығымен ерекшеленеді- Санұржан Сүлейменов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тұсаукесері өткен «Алтыншы бекет» фильмінде басты рөлді ойнаған актер Санұржан Сүлейменов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне туынды туралы пікірін айтып берді.

«Осы рөлді сәтті алып шықтым ба, жоқ па - бұны көрерменнің өзі шешер. Меніңше, мен ғана емес 2 ай бойы толағай еңбек еткен түсірілім тобы өзіне жүктелген міндетті орындады деген үміттемін. Біздің фильм әрбір көрерменнің жүрегінен орын табар деген сенімдемін», - дейді актер.

Санұржан Сүлейменовтің айтуынша, фильм 15 наурыздан бастап көрсетіледі.

«Ең алдымен - бұл біздің тарих. Біздің бейбіт күннің батырлары, өзіне жүктелген міндетті адал атқарып жүрген адамдар туралы түсірілген туынды. Біздің батыр - әдетте фильмде толып жатқан супербатырлардан өмірдегі шынайылығымен ерекшеленеді. Екіншіден, бүгінгі таңда біз отандық киноға қолдау білдіруіміз керек деп есептеймін. Біздің фильм қатардағы комедия емес, оның идеологиялық маңызы бар», - дейді ол.

Актердың сөзіне сенсек, ол бұрын да бір әскери рөлде ойнап көрген. Алайда ол кезде әскери өмірдің қыр-сырын толық меңгеруге мүмкіндік болмаған.

«Ол фильмдегі лақап атым «Полковник» болды. Бірақ, шынайы әскери рөлді мен бірінші рет ойнап отырмын деп айтуыма болады. Әрине, осы кейіпкер (Ербол Отарбаев - авт.) маған өте үлкен тәрбиелік әсерін берді. Шыны керек, уақыт аз болды. Дегенмен, осы аралықта кейіпкердің рөлін барынша бере білуге тырыстым. Осы кейіпкерге көлеңке түсірмей, шынайы батыр бейнесін көрсетуге барымды салдым. Сарбаздармен бір казармада жатып, әскери өмірді көрдім», - дейді Санұржан Сүлейменов.

Еске сала кетсек, бүгін Елордадағы «Қазақстан» концерт залында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қайсарлығы мен Ербол Отарбаевтың ерлігі туралы түсірілген «Алтыншы бекет» фильмінің тұсаукесері өтті. 

Соңғы жаңалықтар