Менің ғана жолым дұрыс дейтіндер дәстүрлі исламға орала бастады - Бас мүфти

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз 2017 жылы деструктивті көзқарасты ұмытып, дәстүрлі ислам таным-түсінігіне қанша адам оралғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы радикалды, деструктивті теріс ағымдармен жұмысты белсенді жүргізіп келе жатыр. 2017 жылы деструктивті көзқарастан кері қайтқан, саналы түрде өзіміздің дәстүрлі ислам таным-түсінігімізге оралған мыңға тарта азаматтың атын да айта аламыз. Бұл өз кезегінде нәтижелі жұмыс бар екенін білдіреді. Біз осы жүйелі жұмысты жасау бағыттарында белсенділік танытпаған өңірлермен, мешіттермен жаңа жұмыс жүйесін бастап келеміз»,- деп атап өтті Бас мүфти Парламент Мәжілісінде. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын таныстырылды. Осы орайда заң жобасына  алғаш рет «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сияқты ұғымдардың заңды анықтамасы енгізіліп отыр. 

«Деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» мәселесі қоғамда аса маңызды. Біздің болмысымызды, дәстүрімізді, мәдениетімізді, яғни барша құндылығымызды жоққа шығаратын түсінік көзқарас болса, демек ол - деструктивтің анықтамалығы. Ал енді тек «менің ғана жолым дұрыс, басқаның барлығы дінде емес, мұсылман емес» деп жұршылықты ашық айыптайтын болса, онда ол - радикалды көзқарас. Демек, осындай жақтарын негізге ала отырып, діни қызметіміздің жұмысында көп жеңілдік танытады деп ойлаймын», - деп түйіндеді сөзін Серікбай қажы Ораз.

Соңғы жаңалықтар