«Мен қазақпын» мегажобасына ақшаны аямауымыз қажет - министр Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында журналистер "Мен қазақпын" атты xалықаралық байқауға жұмсалатын қаржыға қатысты сұрақ қойды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазақстан" РТРК" басқарма төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, әзірше осынау ауқымды жобаның нақты сомасы белгісіз. Алайда корпорация басшылығы оны аутсорсинг қызметіне жүгінбей, шығармашылық ұжымның өз күшімен іске асыруды жоспарлап отыр. "Осының арқасында біраз ақшаны үнемдеуге болады деп ойлаймыз. Әзірше, корпорация барлық шығындарды өзі өтейді. Алдағы уақытта демеушілерді де тартатын шығармыз", - деді Карин.

Осы орайда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та өз ойын жеткізді. "Мен өзім бұндай сұрақтың қойылатынын білгенмін. Осы орайда ақпараттық агенттіктерге тақырыптың атауын да ұсына аламын. "Министр Абаев аталған жобаның қымбат болғанын қалайды" деп берсеңдер де болады. Шынымен де, өз басым "Мен қазақпын" байқауының қымбат болғанын қалаймын. Керек болса, демеушілерді тартыңыз. Болмаса, "Қазақстан" корпорациясы да оны өз күшімен іске асыра алады деп ойлаймын. Осы жобаға атсалысқан барлық қызметкерлерге жақсы қаламақы төленуі тиіс. Дәл осы жобаға ақшаны аямайықшы, сапалы дүние болып шықсын. Жақсы әрі сапалы жобаны жасағанымыз жөн", - деп атап көрсетті Абаев.

Айта кетейік , бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев "Мен қазақпын" атты xалықаралық мегажобаның басталатынын жариялады. "Қазақстан" РТРК" басқарма төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, байқаудың түпкі мақсаты - шалғай ауылдарда жүрген өнерпаздарды үлкен саxнаға шығару .

Соңғы жаңалықтар