Меморгандар ұсынатын статистикалық мәліметтердің растығын кім тексереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда алдағы уақытта алыс ауылдарда тұратын тұрғындармен сауалнама телефон арқылы жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, Парламент Мәжілісінің бүгінгі отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов статистика туралы жаңа заң жобасын таныстырған болатын. Заң жобасын талқылау барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Құралай Қарекен вице-министрге сұрақ қойып, статистикалық мәліметтерге көпшіліктің күмәнмен қарайтынын ашып айтты.

«Статистикалық мәліметтер алдағы уақытта әртүрлі салада небір жоспарлардың, бюджеттік бөліністің негізі болатыны даусыз. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың мәлімет беру кезіндегі жауапкершілігін көтеруіміз керек. Оларды кім бақылайды? Тіпті бүгінге дейін үш ауысымды немесе апаттық мектептердің саны азаятын емес. Балабақшамен қамту тұрғысынан нақты көрсеткіш жоқ. Мұның бәрі кезінде дұрыс берілмеген мәліметтердің кеселі. Егер шынайы көрсеткіштер берілсе, салынған ауқымды әрі зор ауруханалар мен мектептер бос қалмас еді. Осы жаңашылдықтар статистикалық мәліметтердің сапасын қаншалықты өсіреді?», - дейді мәжілісмен.

Депутаттың сауалына жауап берген Руслан Дәленов министрліктің міндеті, ең алдымен - сапа екенін жеткізді.

«Сапаның алғышарттарын әзірлейтін құралдарды жасап жатырмыз. Бәрі де қамтылып, ақпараттандыру қолға алынады. Мәселен, бұрынғыдай қағаз ұстап алыс ауданға сабылтпай, тұрғындармен телефон арқылы сауалнама жүргізіледі. Яғни, алыс ауданға барып жүру шығыны қысқартылады. Телефон арқылы кез келген түкпірге қоңырау шалып, сондағы тұрғындардан сауалнама алуға болады», - дейді ол.

Вице-министр салынуы салынып, бос қалған нысандар туралы сұрақты ақпаратты беріп отырған жоспарлаушы адамнан сұрау керектігін айтады.

«Жұмыс тобы статистикалық мәліметтердің шынайылығын тексеруді қолға алады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек», - деп түйді Руслан Дәленов.

Соңғы жаңалықтар