Мемлекеттің «проактивті» принципі: халық құжаттың артынан жүгірмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Психологияда «проактивті» принциптің басты ерекшелігі сол, адам айналадағы құбылыстарға «өмірдің заңы» деп қарамай, өз тағдырын өзі жасайды. Міне, дәл осы принципті негізге ала отырып, «электронды үкімет» порталын дамыту жоспарланып отыр. Былайша айтқанда, портал халықтың құжат сұрағанын күтіп отырмайды. Сол құжатты алуға өзі үндеп, алдын ала барлық жағдайды жасап отырады. Осылайша, бас кезінде фантастика болып көрінсе де, адам үшін бәрін ақпараттық жүйелер жасайтын заманға да жеттік. ҚазАқпарат тілшісі «электронды үкіметтің» осы бір «проактивті қабілетіне» кеңінен тоқталғанды жөн көрді.

Бүгінде «электронды үкіметтің» проактивті принципін іске асыруға қажетті материалық-техникалық база бар. Ендігі кезекте, мемлекеттік қызметті алуға халық емес, мемлекеттің өзі бастамашы болуы тиіс. Аталған бастама қалайша іске асады? Осы орайда жаңа туған нәрестені тіркеуге қою саласындағы оң тәжірибені мысал ретінде келтіруге болады.

«Бұрын нәресте туғанда ата-аналар ары-бері шапқылап, бірнеше жерге арыз тапсыратын. Себебі жаңа туған нәрестені тіркеу керек. Одан кейін жәрдемақы алу қажет. Бұдан бөлек, балабақша кезегіне тұру тағы бар. Өткен жылы пилоттық жоба аясында біздің қызметкерлеріміз жүздеген перзентхананы аралап, өтініштерді қолма-қол қабылдаған болатын. Сол кезде олар 260 мың өтініш жинап шыққан. Бір жағынан олай да жұмыс істеуге болмайды. Біз аталған қызметті әлі де жетілдіру керек деп санаймыз. Осыған орай, келесі жылдан бастап оны жаңаша жүргізуді көздейміз. Қазір баланың туғаны туралы мәлімет денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық базасына түсіп отырады. Міне, бәрі осы жерден басталуы қажет. Ол мәлімет түскен бойда ата-аналарға құттықтау жолдап, нәрестеге қандай ныспы қойылатыны туралы сұрау жолданады. Сосын ол ақпарат бірден АХАТ бөліміне түседі. Баланың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделгеннен кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оның жеке есеп-шотына жәрдемақыны аудара алады. Ал ең соңында әкімдіктің ақпараттық жүйесі арқылы балабақша кезегіне тұруға болады. Міне, осының бәріне баланың ата-аналары емес, мемлекеттің өзі бастамашы болуы тиіс. Осылайша, «электронды үкімет» порталының «проактивті» принципі жүзеге асады»,- дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов.

Корпорация басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде кейбір «проактивті» мемлекеттік қызметтер ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Мәселен, адамның «электронды үкімет» порталында жеке кабинеті мен ұялы байланыс нөмірі бір-біріне байланып тұрса, жол қозғалысын бұзғаны туралы ақпаратты бірден онлайн режимде алуға мүмкіндік бар. Әйтпесе, қазіргі кезде көлік жүргізушілерінің көбісі айыппұлдың бар-жоғын білмей жүреді де, артынан екі есе шығындалып жатады. Ал аталған проактивті қызмет арқылы ескерту жасалса, айыппұлдар уақытында төленеді. Бюджетке де уақытында ақша түседі.

«Қазіргі кезде балабақша кезегі толығымен автоматты жүйеге ауыстырылса да, орындарды тарату жұмысына қатысты арыз-шағымдар азаятын емес. Сол себепті біз балабақша орындарын тарату жұмысын да толығымен автоматты түрде жүргізу керек деп санаймыз. Адам факторын мүлдем алып тастау қажет. Осылайша, адамның кезегі келгенде ақпараттық жүйе орынды өзі таратып, ұялы телефонға немесе электронды поштаға хабарламаны жіберуі керек. Біз осы саладағы жұмысты қолға алдық. Алайда әкімдіктер жергілікті жердегі ақпараттық жүйелерді ретке келтіруі тиіс», - дейді Абылайхан Оспанов.      

Бүгінде «электронды үкімет» саласындағы жұмысты үйлестіріп отырған ақпарат және коммуникациялар министрлігі алдағы уақытта жүздеген проактивті қызметтерді енгізуді жоспарлап отыр. Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, қазіргі кезде проактивті қызметтің 100 түрі анықталды.

«Мәселен, қазіргі кезде жеке кәулік мерзімінің өтіп кеткені, әкімшілік жазаның салынғаны, балабақша кезегінің өзгергені туралы ескерту алуға болады. Проактивті қызметтердің тағы бір түрі - 27 жастағы азаматты медициналық тексерістен өту және әскери билетті алу қажеттігі жайында ескерту. Осы іспетті қызметтер кеңінен енгізілетін болады», - дейді Дәурен Әскербекұлы.

Сөз жоқ, осы уақытқа дейін біраз шаралар атқарылды. Ағымдағы жылда дайын құжаттарды үйге жеткізу, қызметтің нәтижесі бойынша SMS-хабарлама жолдау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін онлайн сурдоаударма іске қосылды. Оған қоса, 1 шілдеден бастап 20 мемлекеттік қызметті электронды қолтаңбасыз алуға болады. Алдағы уақытта Астанада Digital ХҚКО-ны ашу жоспарда бар. Ол жерде мемлекеттік қызметтерді өздігімен алуға болады. Оған орталық операторы да араласпайды.  Жалпы, бүгінде мемлекеттік қызметтер тізімінде 723 қызмет болса, соның 548-і «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына аударылды. Ал ауыл халқы не істейді? Оларға проактивті қызметтер жете ме?

«Енді, біз әрбір елді мекенде халыққа қызмет көрсету орталығын сала алмаймыз. Себебі ондай шаралар экономикалық жағынан тиімсіз. Дегенмен, ауылдарды интернетпен барынша қамтамасыз етсек, жергілікті халық та барлық қызметтерді пайдалана алады. Шыны керек, қала мен ауылдың арасында үлкен алшақтық бар. Қалада интернет жылдам істейді. Соның арқасында электронды портал арқылы мемлекеттік қызметтерді оңай алуға болады. Ауылда олай емес. Сондықтан біз қала мен ауылдың осы бір алшақтығын азайту мақсатында арнайы жобаны ұсынып отырмыз. Аталған бастама жүзеге асса, үш жылдың ішінде 1 900 елді мекенде жылдам әрі сапалы интернет болады. Осылайша, 4 миллион адам кең жолақты интернетті қолдана бастайды. Бұл дегеніміз, ауылда отырған ағайын үйден шықпай-ақ кез келген құжатқа тапсырыс беріп, соны поштамен алдырта алады", - дейді Абаев. Министрдің сөзіне қарағанда, ауылға арналған интернеттің бағасы да арзан болады. Себебі жергілікті жерде арнайы тарифтер енгізу көзделіп отыр.

Әрине, барлық мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру мүмкін емес. Себебі медициналық тексеріс сияқты кейбір спецификалық қызметтер бар. Дегенмен, мемлекеттік қызметтер барынша онлайн режимге ауыстырылса, сыбайлас жемқорлық та, бюрократия да азаяды. Халықтың уақыты мен ақшасы үнемделеді. Ал, ең бастысы, қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімі артады.  

 

Соңғы жаңалықтар