Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын талан-таражға салған экс-депутат айыппұл төлеп, абақтыдан шықты

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат  - Ақтөбеде жолаушылар тасымалы үшін мемлекеттік тапсырысты орындаған экс-депутат Мейіржан Өндіргенов бір жылдан соң түрмеден шықты.

Оның жаза мерзімінің төрттен бір бөлігі қысқартылып, кейін айыппұлға ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбедегі «Емшан» компаниясының директоры Мейіржан Өндіргенов жолаушылар тасымалына бөлінген миллиардтарды талан-таражға салғаны үшін өткен жылы сотталған болатын .  Айыптау қорытындысына сүйенсек, ол  4,5 миллиард теңгені жымқырған. Іс бір жылға жуық уақыт бойы тергеліп, экс-депутат Мейіржан Өндіргенов бірнеше қорғаушы жалдады. Прокурор соттан М.Өндіргеновты 10 жылға, Ербол Әділовті 8 жылға бас бостандықтарынан айыруды сұрағанымен, сот 2016 жылдың 1 тамызында алғашқысын 4 жылға, сыбайласын 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бір жыл өткен соң сотталушылар рақымшылыққа ілікті.
null 

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы» Заңына сәйкес шығынды толық төлеген сотталушы жаза мерзімінің төрттен бірін қысқарта алады. Материалға сүйенсек, Ақтөбе облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті сотталушы Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділовке жақсы мінездеме берген. Олар жазасын өтеу кезінде тәртіп бұзбаған, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген. Сотталушылардың тәртібі жақсарған. Осы жайттар ескеріліп, сотталушылардың рақымшылық туралы ұсыныстары қанағаттандырылды. №2 Ақтөбе қалалық сотының шешімімен Мейіржан Өндіргенов және Ербол Әділовтің жаза мерзімі төрттен бірге қысқартылып, айыппұлға ауыстырылды. Прокуратура сот шешімімен келісті. Қазіргі уақытта сот шешімі күшіне енді»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, Мейіржан Өндіргенов «Алаяқтық»,«Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Қорқытып алушылық», Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айыпталды. Ал Ербол Әділов алаяқтық, қылмыстық топ болып аса үлкен мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену қылмысын жасағаны үшін сотталды. Сот Әділовті 3 жылға бас бостандығынан айырған болатын. 

Соңғы жаңалықтар