Мемлекеттің бизнесті бақылау қызметі қысқарады – заң жобасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікті бақылау қызметі қысқарады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметі реформаланады. Бұл - заң жобасының ең басты бағыты болып саналады және мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін түбегейлі өзгертуді көздейді. Мұндай өзгерту жаңа профилактикалық бақылау институтын енгізуді қарастырады. Ол әкімшілік істі бастамай, құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүргізеді.

«Бұл ретте, осындай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда оның жойылуын қайта тексеру мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізуге мемлекеттік органның құқығы сақталады. Осылайша, біз қоғамдық сананы өзгерту бойынша үлкен қадам жасаймыз. Ол кәсіпкерлікпен әріптестік өзара қарым-қатынас жасауға және қалыптасқан мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің танымын және тәртібін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Аталған реформа бүгін жүргізілетін қоғамдық сананы жаңғырту саясатымен сәйкес келетіндігі сөзсіз», - деді министр.
null 

Сонымен қатар ол мұндай шара кәсіпкерлердің негізгі қызметіне кедергілеріне байланысты шығындарын және қысымды, сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді.

«Сонымен бірге, бүгін бар болған 144 саладан 20-сы және 544 бақылау қызметінен 108-і алынып тасталады. Оларды алып тастаудың негізгі себебі - қайталануы және жүзеге асыру кезінде тиімділіктің болмауы. Сондықтан, тұтынушылардың қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етіледі», - деді Тимур Сүлейменов.

Мұнан бөлек, министр уәкілетті органдардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 47-бабы бойынша әкімшілік іс қозғауын көздейтін баптар мен құзыреттердің алып тасталатындығын айтты.
null  

Соңғы жаңалықтар