Мемлекеттік-жекешелік әріптестік әдісімен автожолдар салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі ғылым тілінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік деп аталынып жүрген мұндай бастаманың берері мол екендігін бағамдаған дамушы елдер, соның ішінде Қазақстан да соңғы жылдар беделінде қалталы азаматтармен тізе қосып, тынымды тірліктерге көшті. 

Атап айтқанда, 2015 жылғы 30 қарашадағы Елбасының Қазақстан халқына жолдауында бюджеттік шығындарды «жеңілдету» үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдану керек екендігі атап өтілген.

Бұл орайда экономика саласында жеке инвестицияларды ынталандыруға басымдық беріледі. Жеке инвесторлар газ құбырларын, ауруханалар мен мектептер, басқа да нысандар салуға ғана тартылмай, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету шараларына да концессия тәсілімен кеңінен қосылуы қажет. Баса назар аударылатын осындай шаруалар қатарында жол құрылысы да аталған.
Осыған орай республиканың Инвестиция және даму министрлігі халықаралық озық тәжірибелерді ой елегінен өткізді, шетелдік кеңесшілермен бірлесіп, концессия саласындағы Қазақстан заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізді. Заңнама деңгейінде валюталық тәуекелдерді реттеу тетігі енгізілді, концессионермен және несие берушімен, басқа да қатысушылармен қол қою барысында халықаралық тәжірибеде «Step-In» деп аталатын «Тікелей келісім» жаңа институты іске қосылды, сөйтіп, несие берушілердің құқығын қорғау жөнінде маңызды қадам жасалды. Сонымен қатар екі жақтың тәуекелі ескеріле отырып, концессия шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда негізгі өтемақыны аудару ахуалы бекітілді.

Жобаның құрылымы бойынша концессионерге инвестициялық және пайдалану шығындары өтемақысын, сондай-ақ автомобиль жолдарын басқарғаны үшін сыйақы беру мемлекет тарапынан белгіленген төлем тетігі арқылы орындалатын болды. Бұл орайда ақылы автомобиль жолдары бойынша жүріс үшін түскен бүкіл төлем республикалық бюджетке түсетіні пысықталды.

Ел дамуы үшін маңызды мәнге ие болып отырған осынау Жолдау талаптарын орындау үшін автомобиль жолдары саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру мақсатымен министрліктің Автомобиль жолдары комитеті ұланғайыр жұмыс жүргізді. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылып, пысықталатын 4 жоба тұмсық тығып тұр. Мұның алғашқысы «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» автомобиль жолын салу және пайдалану» концессиялық жобасының шамаланған құны 350,7 млрд. теңге болып отыр, жобаны іске асыру мерзімі 2017-2021 жылдарға, ал пайдалану мерзімі 2021-2036 жылдарға белгіленген. Концессия уақыты 20 жылға шамаланған бұл жоба ұзақтығы 66 км ақылы автомобиль жолын салу мен пайдалануға бағытталған, оның болжамды қарқындылығы орташа есеппен 38 мың авто/тәулік болып отыр. Жоба бойынша 38 жол өтпесі және өту көпірлері бар, қозғалыстың есептеу жылдамдығы сағатына 150 км. Үкіметпен арадағы келісімге сәйкес концессия жобасы айырықша маңызы бар санатқа жатқызылды.

Ағымдағы жылғы ақпанда концессия бойынша комиссия «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде (Батыс Еуропа - Батыс Қытай) автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымын жасау» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын төмен дисконтты үздік концессиялық өтінім ретінде анықтады. Ағымдағы жылғы наурыздан жылдың соңына дейін концессия бойынша келіссөздер жүргізілуде. Құрылыс үстіміздегі 2017 жылы басталады6 оны4 шамаланған құны 75 млрд. теңгеге белгіленген. Үшінші концессиялық жоба - ұзақтығы 48 км «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма ақылы автомобиль жолын салу және пайдалану» концессиясының шамаланған құны 53,6 млрд. теңге болып, ал құрылыс кезеңі 2019-2021 жылдарға, пайдалану мерзімі 2022-2039 жылдарға белгіленіп отыр. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін және концессиялық ұсынысын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, аталған шаралар аяқталғаннан кейін конкурстық құжаттаманы жетілдіру басталады. Төртінші, ұзақтығы 98 км, шамаланған құны 56,4 млрд. теңге болатын, «Сарыағаш қаласын айналып, Өзбекстан Республикасы шекарасына шығатын» автомобиль жолын салу» концессиялық жобасы бойынша оң қорытынды алынған жағдайда жобаны сүйемелдейтін кеңесшілік қызмет ұсыну туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар