Мемлекеттік органдар бюджетке қатысты ақпаратты жарияламайды - депутат Әшімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдар әлі күнге дейін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның талаптарын орындамай келеді. Квазимемлекеттік компаниялар да осы заңға бағынуға асықпайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев «Ашық арна» жобасының талқылау алаңында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, құзіретті мекеме тарапынан ескерту жасалғанда мемлекеттік органдар ресми сайттарына тиісті ақпаратты сала бастайды. Бірақ артынан ол жұмыс тағы сұйылып кетеді.

«Меніңше, бүгінде ол заң туралы мемлекеттік органдардың барлығы бірдей біле бермейді. Осы мәселені ашық айту керек. Иә, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сайттарды толтырыңдар, барлық ақпаратты салыңдар деп, үнемі еске салып отырады. Мемлекеттік органдар басында салады да, артынан тағы осы жұмысты ұмытып кетеді. Шыны керек, ресми сайттарға барлық ақпарат салынбайды. Ал заңда нақты қандай ақпараттың салынатыны жазылған. Дегенмен, мемлекеттік органдар ол талаптарды орындамайды», - дейді М.Әшімбаев.

Оның сөзіне қарағанда, ресми сайттарға бюджет қаражатын игеруге қатысты толық ақпарат салынбайды. Ол ақша кімге және не үшін аударылып жатқаны да көрсетілуі керек.

«Заңды анық жазылған, бюджет қаражатын алатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар да ол ақшаны игеруге қатысты ақпаратты ашық жариялауы қажет. Квазимемлекеттік салада да ондай проблема бар. Бүгінде ұлттық компаниялардың жартысы және олардың еншілес кәсіпорындары «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның талаптарын орындамай келеді. Оны біздің мониторинг те растап отыр», - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар