Мемлекеттік құрылымдарда тек отандық телеарналар көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев отандық телеарналар саласында ұсынылып отырған түзетулер жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жарнама да назардан тыс қалмады. Бүгінде заңмен қазақ тілінде хабар таратудың ең төменгі үлесі белгіленген. Оның көлемі эфир уақытының 50 пайызын құрайды. Енді бұл норма жарнамаға да таралады. Сонымен қатар аталған талапты әрбір эфир сағатының бөлігіне бекіту идеясын алға тартып отырмыз»,-деді министр Facebook-те жарияланған видеода.

Мұнымен қоса ол отандық телеарнаны дамыту мақсатында мемлекеттік мекемелерде жаппай көрсетілім үшін  тек қазақстандық телеарналар мен радиоарналарды тарату тұрғысындағы түзету енгізілгенін жеткізді.

«Алдағы уақытта осындай ереже әуежайлар мен вокзалдарға да таралуы мүмкін»,-деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімдігін жеңілдету үшін сурдоаударма мен субтитрлеуді қолдану аясы кеңейтіледі.

«Енді барлық телеарналарда жаңалықтар күніне бір реттен кем емес көлемде сурдоаударма немесе субтитрлеуді пайдалану мүмкіндігімен шығуы тиіс. Бұған қоса, адамдар жаңалықты қарауға назар аударатын уақыттарда, яғни сағат 18:00-ден 22:00 аралығында қамтылуы керек»,- деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар