Мемлекеттік кірістер комитеті тағы да автомобиль ұтысын өткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер комитеті тағы да автомобиль ұтысын өткізеді.

Бұл туралы журналистер мен блогерлерге МКК-де өткен брифингте ведомствоның жаңа ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады.

Өткен жылы «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен мемлекеттік кірістер комитеті республика аумағында «Чекті талап етіп, жүлде ұтып ал» атты акциясын өткізген. Оның аясында 200-ден аса жүлде ойнатылды. Бас жүлдеге Chevrolet автокөлігі ұтысқа салынған болатын.   

Акция шарты бойынша, азаматтар сатып алған тауар, қызмет немесе жұмыс бойынша фискалды чектерді мемлекеттік кіріс органдарына тапсырулары тиіс. Былтыр республика бойынша акцияға 2 млн-нан аса адам қатысып, 10 млн-нан аса чек қабылданған.

Нәтижесінде заңнан тыс жұмыс істеп келген 9 мыңнан аса жеке кәсіпкер салықтық тіркеуге қойылды, 8 мыңнан астам бақылау кассалық аппараттар тіркелді.

М.Жұманбай, қазақстандықтар өздерінің белсенді әрекеті арқылы көлеңкелі экономика көлемінің азаюына және кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестіктің дамуына өз үлестерін қосқандығын атап өтті.

«Ағымдағы жылғы 1 қазанда «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен МКК «Чекті талап етіп, жүлде ұтып ал» акциясын бастайды. Оның мақсаты азаматтардың товар, жұмыс және қызмет тұтынушысы ретіндегі өз мүдделерін қорғау бойынша құқықтық мәдениетін қалыптастыру», - дейді ол.

М.Жұманбайдың айтуынша өткен жылғы акция әрбір аймақта түрлі тәсілдермен өткізілген. Бір жерде чектер WhatsApp қосымшасы арқылы қабылданса, енді бір жерде қағаз лотерея билеттеріне ауыстырылып, жеңімпаздар лотерелық барабан арқылы анықталды.

«Сондықтан осы жылғы акция «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының қаржылық қолдауымен электрондық форматта «Wipon» мобилді қосымшасы  арқылы өткізіледі», - деп еске салды М.Жұманбай.

Отандық мамандар дайындаған бұл қосымшаны ақысыз көшіріп алып, смартфондардың барлық түрлері мен басқа да гаджеттерде пайдалануға болады.

Акцияға өздері тұтынған тауар, жұмыс немесе қызмет үшін берілген фискалды чектің фотосын жіберген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Егер фискалды чек берілмеген жағдайда, азаматтар бұл бұзушылықтарды көрсетіп шағым жібере алады.

Іс-шара ағымдағы жылғы 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығында өткізіледі. Осы кезеңде барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында ай сайын жүлделер ұтысы өтеді. 

Финал жылдың аяғында Мемлекеттік кірістер комитетінде болады. Онда бағалы жүлделер, оның ішінде бас жүлде - автокөлік ұтысқа салынады. Жүлделерді отандық бизнесмендер ұсынып отыр. Ұтыс жеңімпаздары чекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Қаншалықты көп чек жіберілсе, жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты өсе түседі. Қайталанып жіберліген чектер ұтысқа қатыспайды.

«Жеңімпаздарды анықтау үрдісінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін әрбір облыс пен Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің жанында құрамына кәсіпкерлер қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін комиссиялар құрылады», - деп түйіндеді ресми өкіл.

null 

Соңғы жаңалықтар