Мемлекет есебінен байығандар ұрланған қаражатты шетелде пайдалана алмауы керек - Қожамжаров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы және оның аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамының қатысуымен мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Онда Қайрат Қожамжаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет офицерлеріне Мемлекет басшысының 20 қарашада кездесу барысында берген тапсырмаларын жеткізді. 

«Біздің міндет - қоғам өмірінің барлық салаларында жемқорлықпен тиімді күресуді қамтамасыз ету. Ол әлеуметтік, ауылшаруашылық, құрылыс мәселелері, кен игеру, қаржы және квазимемлекеттік секторлар, құқыққорғау, сот органдары және басқа да салалар» - деді
Қ. Қожамжаров.

Сондай-ақ, төраға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тиімді жұмыс атқаруына қажетті жағдай мен құралдар бар екенін атап өтті. 

Басым міндеттерге қылмыстық тізбектің барлық құрамын, яғни орындаушыдан ұйымдастырушыға дейін әшкерелеу қойылды.

«Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорық көріністерін кім жасаса да, онымен қатал күресуді міндет етіп қойды» - деді Қ. Қожамжаров.    

Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.

Осы бағытта Ұлттық бюроға бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту тапсырылды.

«Айыпты тұлғалардың мүлігіне тыйым салу және шетелдегі заңсыз активтерін анықтау арқылы Мемлекеттің ұрланған қаражатын толығымен өндіруді қамтамасыз ету керек. Мемлекет есебінен заңсыз байыған бірде-бір тұлға ұрланған қаражатты не Қазақстанда, не шетелде пайдалануға мүмкіндігі болмауы керек», - деп көрсетті Төраға.

 

 

Соңғы жаңалықтар