Мемлекет басшысы тұрақты түрде таңертең Астананы аралайтынын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев енді тұрақты түрде таңертең Астана аумағын аралайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаланың жақсы мэрі таңертең сағат бестен тұрып, өзінің орынбасарларымен және аппаратымен қаланы аралап келгеннен кейін, жұмысқа барып: «Қазір Президент келгенше, барлық кемшіліктерді жою қажет», деп айтады. Егер де осыны істегің келмесе, енді өзім ЭКСПО-ға дейін таңертең алдымен қаланы аралап, жұмысқа келетін боламын. Бұл ескерту барлық қалалар мен  облыс орталықтарына қатысты. Шаһар басшысы  қаладағы жағдайды толық білуі тиіс»,-деді Елбасы «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысына және Астананы дамытуға арналған кеңесте.

Осы орайда Мемлекет басшысы тозығы жеткен ғимараттар мен үйлердің  қасбеті туралы айта келе, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолақтары, жарықтандыру жүйесі проблемаларына тоқталды.

«Біздің кейбір үйлеріміздің қасбетіне қараңыздар. Президенттің көз алдында тұрған үйлердің қасбеті, адам жүретін жолдарда тақтайшалар түсіп қалған, бұзылып, жұпыны тартқан. Үй иелері бұны ретке келтірмейді, себебі ешкім талап етіп жатқан жоқ. Бізде қыс ұзақ, қыста қалада жасыл-желек болмайды, елорданы тек әдемі нысандар көркейтіп тұрады. Меніңше көк, сары, ақ түстер біздің қаламызға жақсы жарасады»,-деп атап өтті Назарбаев.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай , Президент Астананың орталығындағы ескі үйлерді бұзуды тапсырды. 

Сонымен қатар кеңес барысында Мемлекет басшысы Президент елорда әкіміне қала құрылысы бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді .

 

Соңғы жаңалықтар