Мемлекет басшысы: Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың жартысына сұраныс болмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуі барысында Мемлекет басшысы таяу болашақта қазіргі мамандықтардың жартысына сұраныс болмайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан Президенті сөзінде халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамтуды жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Беделді жоғары оқу орнын бітіру әрдайым маңызды бола бермейді. Ең бастысы - еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50%-на сұраныс болмайды. Сондықтан уақыт талабына сай болу керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Қазақстан Президенті тұрғындарды еңбек ресурсы көп өңірден жұмыс күші жетіспейтін өңірге көшіру жөніндегі бағдарлама бар екенін еске салды.

«Бағдарлама сіздердің де облыстарыңызда қолданылады. Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту және оны қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті облыста құрылыс, фармацевтика және көлік-логистика кластерлері қалыптасып, жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар дамып келе жатқанын атап өтті.

«Өңірдің ерекшелігін ескеріп, Үшінші жаңғыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ісін, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық өндірістерін дамыту қажет. Жаңа өсім нүктелерін - тірек жобаларды алдымен облыс орталығында дамыту керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының мүмкіндіктерін толық пайдалана білу керек. Ең басты бағыттар - ауыл шаруашылығы өнімінің шығымдылығын арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, заманауи агротехниканы қолдану», - деді Қазақстан Президенті.

Оңтүстікқазақстандықтар Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ой-пікірлерін толық қолдайтындықтарын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірге деген қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, кездесу аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және оны дамыту перспективалары туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қатысушыларға зор табыс және береке-бірлік тіледі.

Соңғы жаңалықтар