Мемлекет басшысы Досаев пен Шөкеевке «үй тапсырмасын» берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін толықтай қамтамасыз еткен ел - нағыз тәуелсіз мемлекет. Бұл туралы елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлық уақытта да қаланың азық-түлік белдеуі жайында айтып келемін. Қалада инфляция 7,5 пайыз. Қазір Қазақстандағы ең жоғарысы дейді. Солай ма, әлде қанша?», - деді Нұрсұлтан Назарбаев қала басшысы Әсет Исекешевке қарата.

Астана әкімінің сөзіне қарағанда, наурыз айының қорытындысында елорда инфляция деңгейі бойынша 5-6 орында тұр.

«Ал азық-түлік белдеуіне қатысты айтар болсам, Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы 5 жылда белдеу дамыды. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында Астана базарларына өнімдерін әкелетін кәсіпорындар бар. Және де елордалық кәсіпорындар қаланы 31 пайызға қамтып отыр. 44 пайызы көршілес облыстардың кәсіпорындары есебінен қамтамасыз етіледі. Олар Астананың базарларына бағдарланған», - деді Әсет Исекешев.

Келесі кезекте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевті орнынан тұрғызған Елбасы осы мәселеге қатысты есеп беруін сұрады.

«Біз 20 өнім түрі бойынша терең сараптама жасадық. 12 түрі бойынша толықтай 100 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз. Олар: еттің барлық түрі, құс еті, картоп, қызылша, қияр, қызынақ. 8 түрі бойынша бізде 70 пайыз қамтамасыз етілсе, 30 пайызы бойынша нақты шараларды белгіледік. Бізде Астана төңірегінде суармалы жерлерді ұлғайту керек. Қазір елорданың төңірегінде 2 мың гектар жер дайын, құбырлары жатыр, енді жарақтандыру қажет. Сонымен қатар Нұра, Есіл арнасы маңынан да 2 мың гектар жер табамыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Осы ретте Қазақстан Президенті өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен ел нағыз тәуелсіз мемлекет саналатындығын баса айтты.

«Біз ауыл шаруашылығы еліміз ғой. Біз әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз. Бізде не бар, соның барлығын сырттан алып отырмыз. Мүмкін нанды да сырттан алатын шығармыз», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік мәселесіне қатысты барлық түйткілдерді шешуді тапсырды.

«Бұл сендерге үй тапсырмасы. Бақытжан Әбдірұлы (Үкімет басшысы) түсіндің бе? Орынбасарларыңмен жақсылап жұмыс істе», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар