Мемлекет басшысы Астанада Достық үйін ашуды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Достық үйін ашуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, Астана қаласында достық үйін ашатын кез келді. Ондай нысандар жергілікті жерде бар. Енді, ондай үйді елордада ашу қажет. Ол үшін мына ғимаратты (Бейбітшілік және келісім сарайы - авт.) оларға беру керек. Себебі үш жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтіп тұрады. Биыл IV съезд өтеді. Дегенмен, басқа уақытта осы ғимаратты Достық үйі ретінде пайдалануға болады. Ол барлық республика бойынша Орталық достық үйі болады», - деді Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астанада ашылатын Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-зерттеу орталығын ашуды тапсырды.

«Қазір бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы сұрайды. Оны қалай ұйымдастырдық? Қалай іске асырдық? Міне, осының бәрін зерттеп жазатын бір орталық болуы қажет. Жаңа кітаптарды, жаңа шығармаларды басу керек. Қазақстан халқы Ассамблеясын қалай құрғанымызды бәріне көрсеткен жөн. Сосын, алда әлі көп мақсаттар тұр. Проблемалар да бар. Соның бәрін шешу керек. Қандай мәселелерді ескермедік? Ғылыми-зерттеу орталығы осыны жан-жақты зерттеуі тиіс», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы басталды. 

Соңғы жаңалықтар