Мемқызметшілердің ар-ұятын әлі де ұштау қажет - Фатима Жақыпова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрес мәселесіне баса назар аударды. Себебі соңғы үш жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызмет саласында меритократия, яғни адал әрі нәтижелі еңбектің арқасында жұмыс бабымен көтерілу принциптері іске аса бастады. Академия басшысы нақты мәліметтерді де келтірді.

"Мәселен, өткен жылы республика бойынша 23 587 ішкі конкурстар жарияланған болатын. Барлық конкурстардың нәтижесі бойынша шамамен 10 000 адам қызметке тағайындалды. Соның ішінде 5 500 мемқызметкердің лауазымы өсті. Әрине, меритократияда адамның барлық жетістіктері ескеріледі. Алайда ар-ұят деген қасиеттің орны бөлек. Себебі мемлекеттік қызметкердің ар-ұяты неғұрлым жоғары болса, оның жемқорлыққа бой алдырмауы да соғұрлым басым болады", - деді Ф.Жақыпова бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ректордың сөзіне қарағанда, өткен жылы барлық мемлекеттік қызметкерлерді аттестациядан өткізу кезінде шамамен 66 000 адам арнайы тест тапсырды.

"Иә, сол кезде кейбір қызметкерлердің ар-ұят деген қасиеті айқын байқалмады. Дегенмен, біз арнайы бағдарламаны әзірлеп, мемлекеттік қызметкерлерді өзін-өзі ұстауға, әдеп ережелерін сақтауға үйрете бастадық. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, соның ішінде этика бойынша арнайы уәкілдердің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Әрине, жемқорлық әрекеттері бар. Оны Мемлекет басшысы да өз Жолдауында көрсетті", - деп атап көрсетті Ф.Жақыпова.

Айта кеткен жөн, Президент жемқорлықпен күрес мәселесін биылғы Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде көрсетті.

"Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс", - делінген тоғызыншы тарауда.  

Соңғы жаңалықтар