Мемқызметшілер күн сайын нормадан артық жұмыс істейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметшілер тәулігіне 1 сағаттан артық нормадан тыс жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін «Білім» ғылыми-зерттеу орталығының маманы Әлия Оразғалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде «Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау саласындағы әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын жетілдіру» тақырыбында өткен кеңесте ол аталған орталықтың зерттеу нәтижелерін жария етті.

«Сауалнамаға қатысқандардың 69,1 пайызы уәкіл өз жұмысын тиімді жүргізетіндігіне келіседі. Дегенмен, барлығы бірдей оған жүгінбегендігін ескерген жөн. Барлығы бірдей уәкілдің қызметтік міндеттемерін де біле бермейді. 73,6 пайыз әдеп жөніндегі кеңестік, тәртіптік кеңестің істі әділ қарайтындығына сенеді. Бірақ, мемлекеттік қызметшілердің 35,9 пайызы тәртіптік комиссия мен әдеп жөніндегі кеңестің шешіміне наразылық білдіру процедурасымен таныс емес», - деді ол.

Оның дерегінше, сауалнамаға қатысушылардың 71 пайызы мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі қызметтік әдеп ережелерін толық көлемде сақтайды деп есептейді. Ал 81 пайызы қызметтестерін жүріс-тұрыс әдеп нормасының жалпы қабылданған ережелерін сақтайтындығына сенеді.

«Сұралған мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі жұмыс орнында күн сайын 1 сағат 20 минутқа бөгеледі. Мұндай жайттардың 78 пайызында жұмыс уақытынан тыс сағатқа төлем жасалмайды. 41 пайызы өзінің тікелей қызметтік міндетіне қатысы жоқ басшылықтың тапсырмаларын орындайтындығын атап өткен», - деді Әлия Оразғалиева.

Айта кетейік, «Білім» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға 1658 адам қатысса, оның 44 пайызы орталық мемлекеттік органдардың, ал 47 пайызы жергілікті атқарушы органдардың қызметшілері болды.

Соңғы жаңалықтар