Мектепте қайтыс болған ақтөбелік оқушының анасы: Қызым ешқашан ауырмаған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мектепте жүрегі тоқтап қалған 5-сынып оқушысының анасы Зәуреш Ерғалиева БАҚ өкілдеріне оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін оқушының қазасына байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.

"Маған бір апай телефон шалды. "Сенің қызың кіші дәретке жіберіп қойды, алмастыратын киім әкеліңіз" деді. Жұмыста екенімді, әкесі апаратынын айттым. Қайта телефон шалып "қызыңыздың іші нашар" деп айтты. Бәрін тастап, жүгіріп бардым. Төртінші қабатқа жеткенше балалар дәлізде тұрды. Бәрі жылап жүр. Есікті ашсам, қызым партада жатыр. Қасында 6-сыныпта оқитын ағасы тұр», - деді анасы.  

Сондай-ақ, Зәуреш Ерғалиева мектепке барғанда баласының денесі суып үлгергенін айтты.

«Менің көзімше үш рет жедел жәрдемге телефон шалды. Медбике жасанды тыныс алуға көмектесті. Жақын барып қолынан ұстағанда қолы мұздай болды. Өзім де тыныс алуға көмектеспек болдым. Бірақ ерні де мұздай екен. Бір уақытта "жедел жәрдем келе жатыр" деп айқайлады. Сол кезде медбике қолына ұстап, далаға алып шықты. Бірақ жедел жәрдем болмады. Кіре беріске жатқызып қойды. Бірер уақыта дәрігерлер келді. Машинаға салған кезде "балалар ауруханасына апарамыз" деп айтты. Қала сыртына алып барғысы келді. Бірақ қала ішіндегі жедел жәрдем ауруханасына беттедік. Жүргізуші мен дәрігер бір-бірін түсінбеген. Реанимотологтың түсіндіруінше, өлі балаға жасанды тыныс алу жасалған екен. Қызымның сәл қимылдағандай болғаны да сондықтан екен", - деді ол.

Ділназдың анасы қызы еш уақытта ауырмағанын, ем қабылдауға негіз болмағанын айтуда. 

Ақтөбедегі №38 орта мектептің 5-сынып оқушысы Ділназ Әбішева сабақ үстінде көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.  
Бүгін ақтөбелік дәрігерлер баланың өліміне қатысты түсінік беріп, алдын ала мәліметтерді жариялады. Хабарланғандай, оқушының қазасы жүрегінің кенеттен тоқтауынан болған.  

Балаға сот-медициналық сараптама жүргізілген. Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманованың айтуынша, балада жүрек ауруы немесе басқа да дерттер анықталмаған.

«Кенеттен жүрегі тоқтап қалды» деген диагноз қойылып отыр. Бірақ 27 сәуір күні нақты шешім шығарылады. Жыл сайын медициналық тексеруден өткен кезде оқушының денсаулығынан кінәрат табылмаған. Тіпті суық тиіп, тұмауратпаған екен», - деді Светлана Есенаманова.  

Айта кетейік, қорытынды мәліметтер 27 сәуір күні жарияланады.

Фото: diapazon.kz

Соңғы жаңалықтар