Мектеп үшін түлектерден ақша жиналуда деген шындыққа жанаспайды - Ахметов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Робототехника кабинеттері үшін мектеп түлектерінен ақша жиналып жатқаны туралы әңгіме негізсіз. Бұл туралы бүгін ОКҚ өткен брифинг барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өңір әкімі әрбір мектеп түлектері өзі оқыған білім ордасы үшін 5 миллион теңге жинауына байланысты шыққан алып-қашпа әңгімеге өзінің пікірін білдірді.

«Бұл шындыққа жанаспайды. Роботехника бойынша (...) тек қана біздің бизнесмендер өздері 2,3 млрд теңге жинап берді. Кейбір кезде жалпы сөзді естіп, соны айта береміз. Ол негізсіз әңгіме.», - деді Даниал Ахметов.

Еске сала кетсек, Өскемен қаласында қазан айында Шығыс Қазақстан облысының барлық кәсіпкерлерінің бас қосуымен «Туған жер» атты ауқымды форум болып өткен болатын. Шара барысында Шығыс Қазақстанның кәсіпкерлері өңірдің дамуына үлестерін қосып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Менің мектебім» атты жобасы аясында 2,3 млрд теңге жинап берген еді. Өңір билігі осыған дейін жиналған қаражат аймақтағы барлық мектептерге робототехника кабинетін ашуға жұмсалатынын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар