Мектеп директорлары ер мұғалімнен болуы керек - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

Мектеп директорлары ер мұғалімдер болуы керек  - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null

 «Оңтүстік Қазақстан» газетіне оқырманның хаты жарияланыпты. Оқырман болғанда да ұзақ жыл ұстаздық еткен қария. Ұарт ұстаздың қолына қалам алуына бұған дейін газетте басылған «Ер мұғалімдерді көбейту керек немесе бүгінгі ұрпақтың бойында жігітке тән мінез жоғалып барады» атты мақала әсер еткен секілді.

«Бүгінде мектептерде ер мұғалімдердің азайып бара жатқаны мені де алаңдатады. Оқушылар арасындағы қылмыс, бұзақылық, тәртіпсіздіктің азаймай отырғаны, ер балалардың білім алуға деген ықыласының төмендеп, ер жігітке тән мінезінің жоғалып бара жатқаны да осы ер мұғалімдердің аздығынан деп ойлаймын. Педагог ғалымдардың, психологтардың пайымдауынша, бала туған күнінен бастап  өз анасының тәрбиесінде болатынын, ал балабақшада, мектепте әйел мұғалімнің тәрбиесіне қайта түсуі олардың еркектерге тән мінезінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді екен. Байқап қарасақ, әйел мұғалімдер тәрбиелеген оқушы ер балалар қыз мінезді болып барады. Белсенділігі төмен, ынжық, оқуға ықылассыз, ар-намыс, ұят, рух сияқты ұлттық қасиеттері төмен. Мектепте ер балалардың еліктейтін, идеал тұтатын ер мұғалімдер аз» деп жазады автор.

Айтуынша, бүгінгідей соғыссыз, бейбіт заманда орта білім беру мекемелеріндегі  ер азаматтардың үлес салмағы 18 пайызды құрап отыр.  Автордың пайымынша, бұл дабыл қағатын жағдай, ұлттың болашағына алаңдаған әрбір зиялы азаматтың мәселе көтеретіндей жағдайы. «Өткен ғасырдың 60-70 жылдары мен мұғалім болған уақытта Төлеби ауданында бір ғана әйел «Манкент» мектебінің директоры болатын. Ал, қазір....» деп жазады автор.

Сондай-ақ, автор бір кездегі ұстаз қадірін, мұғалім беделін еске түсіріп, оның да ер азаматтарға көбірек қатыстылығын алға тартады.

«Ұстаздың киген киімі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы ауылға үлгі еді. Қаншама ауыл балалары соларға еліктеп өсті...Қазір мұғалім сол беделден айрылып қалды. Қит етсе кім жаман мұғалім жаман. Иіні жұмсақ әйел мұғалімдер жылап-сықтап шыға келеді. «Ойбай күн бермей жатыр...» деп әйелдік байбаламға салады. Осыдан барып, мектептен береке кетіп, ұстаздан бедел қашты. Балаларының тәрбиесіздігіне ата-ана бас салып мұғалімді кінәлайды. Мұғалім қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналды».

Сөз арасында автор мектептегі ер мұғалімдерді көбейту, ол үшін педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарына ер балаларды көптеп тарту мәселесіне де ой қозғайды. Ер балаларды мұғалімдікке тартудың бірнеше алғышарттарын алға тартады.

Көзіңнің өзіңдікі екеніндей, сөзің де өзіңдікі болсын - «Сыр бойы» газеті

null

Тілші осы мақаласында авторлық құқық мәселесін көтеріпті. Соның ішінде әншілердің, шетелдің әнін көшіруге «шебер» әншілердің арасындағы авторлық құқыққа құлықсыздық біршама сыналған екен. Жазуынша, америкалық ағайынды Хиллдер жазған туған күн туралы ән ("Happy Birthday to You") 1893 жылы шыққан. Бүгінге дейін осы ән кинофильмдерде, коммерциялық кештерде орындалады. Олар  авторлық құқықпен келісімге отырған. Осы келісімнен америкалық авторлық құқық органы жылына 2 млн. доллар табады екен.

«Ал, біздегі әншілер не істеу керек? Мәселен олар бір облыс орталығында кешін өткізді дейік. Алдын ала авторлық құқық қорғау бірлестігінің өкілін тегін билет беріп шақырып (өзі ме, көмекшісі ме, продюссері ме, бәрібір), оған өзінің орындайтын әндерінің тізімін беру керек. Әншілер заңда көрсетілген осы тармақты орындамайды. Жергілікті авторларға қаламақының аз түсетіні, кейде мүлде түспейтіні осыған байланысты. Ал, абзалырағы белгілі әншілер жергілікті авторлардың шығармаларын орындауға тырыспайды. Өздерінің тұрақты авторлары бар. Сондықтар олар айтатын ән сапасыздыққа ұрынып бара жатыр. Өйткені тұрақты авторларға бір күнде бір ән жазып немесе бір өлең шығарып тастауға тура келеді. Толғаныстан тумаған шығарма «шықпа жаным шықпа» деп халыққа жол тартады, ары қарайғы тағдыры белгілі».

Айтарым бар, асаба! - «Орталық Қазақстан» газеті

null

Қазақ халқының ешбір ұлтқа ұқсамайтын қанға сіңген өзіндік салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі бар. Солардың бірі - той жасау ерекшеліктері. «Орталық Қазақстан» газетінде де тілші мақаласында қазақтың сан алуан тойлары санамаланып, қазіргі тойлардың ерекшеліктеріне, ондағы салт дәстүрдің сақталуына да тоқталыпты. Сосын асабаларға да ақыл айтылыпты. «Асабалар тойда елді жалықтырмайтындай қызықты да есте қаларлықтай етіп өткізуді ойластырғандары дұрыс. Ол үшін қазақтың бұрынғы кездегі той өткізуін зерделеу керек. Әрине, атжарыс, балуан күрес, аударыспақ, көкпар тартыс сияқты ойындарды тойхананың ішінде өткізуге мүмкіндік жоғы белгілі. Алайда, солардың кейбір көріністерін жасауға болады ғой деп ойлаймыз. Жаппай билеу қазақтың салтында болмағанымен қазіргі заман талабына сай, тойға кірген жаңалық деп қабылдауға болады. Негізі тойдың басты мақсаты - ұлттық ұлағатымызды насихаттау болу керек» деп жазады автор.

Бос жүрген мал «тұтқындалады» - «Орал өңірі» газеті

null

«Орал өңірі» газетінің жазуынша, биылдан бастап  Жымпиты  ауылдық  округіндегі  бақташылар  жеке  кәсіпкер ретінде  тіркеледі екен. Айта кетерлігі, округ  әкімі Арман Баяндықов тұрғындардың жалпы  жиналысын өткізгенде сол мәселені талқыласа керек. Келтірілген деректер бойынша қазіргі күні Жымпиты ауылында 2693 ірі қара малы және 5413 ұсақ мал бар екен. Жаз шыға осы малды бағу проблема тудыратын көрінеді.

«Мәселе малдың бағымына тірелгенде, екі бірдей мәселе жыл  сайын қылаң береді. Оның әуелгісі, кейбір бағыттарға жер көгеріп кеткенге шейін бақташының табылмайтындығы, екіншісі, аудан орталығындағы кейбір тұрғындардың бақташылардың еңбегін бермейтіндігі. Жоғарыда айтылған бақташылардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі жайлы әңгіме осыдан туып отыр» деп жазады газет. Осылайша, енді мал бағу қызметіне жүгінген тұрғын жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасып, бір тарап малдың амандығын мойнына алса, екінші тарап қызметтің ақысын уақтылы төлеуге   міндеттелетін  болады.

«Жаз шыға бағымсыз жүрген мал ауылдың көшелерін аралай бастайды. Биылдан бастап аудан орталығының көшелерін кезіп жүретін осындай мал бірден «тұтқынға» алынады. Малдың иесі өзінің түлігін малдәрігерлік құжат арқылы ғана, оның үстіне «қамауда» болған уақыттың құнын төлегеннен кейін барып қайтара алады. Нақтылай айтқанда, енді бақташыдан қызғанған ақша екіүш еселеніп айыппұлға төленуі мүмкін».

Өлең айтып, би билеп, той кезіп жүр бір бала... - «Дидар» газеті
null

Той мәселесін Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газеті де жазған екен. Автор тойдағы ақша тапқыштар туралы әңгіме өрбіткен. Соның ішінде тойға келіп, түрлі өнерін көрсетіп, әп-сәтте ақша тауып әкететіндер туралы сөз болып отыр.

«Ал енді қаладағы той атаулыны адақтап, қай күні, қай мейрамханада, сағат нешеде, нендей той өтетіндігін тізімдеп, той иелерінің шен-шекпен, лауазымдары мен әл-ауқатына дейін анықтап алып, әлгі тойға ешкім шақырмаса да барып, той иелері қаласын-қаламасын өнерін тықпалайтындарға не айтуға болады? Бір қызығы, ондай өнерпаздар жыл өткен сайын көбейіп келе жатқан секілді. Сөздің орайы келіп қалғасын, әлдекімнен естіген емес, өз көзіммен көрген бір жайтты баяндай кетейін» деп автор той кезіп жүрген бала туралы әңгімелейді.

«Қаладағы сенбі, жексенбі күндерге белгіленген той біткеннің барлығын аралап, өнер көрсетіп жүрген әкелі-балалы «мал тапқыштардың» бұл әрекеттерін қалай деп, не деп бағаларымды да білмедім. Мұндай өнерпаздардың бір ғана Семейде емес, өзге өңірлерде де толып жүргендеріне еш шүбәм жоқ. Әрине, өнерді, өнерпазды бағалау, құрметтеу керек те шығар... Бірақ, қалай, қандай жолмен?.. Сахнада ма әлде осындай той-томалақтарда ма?»...

Атыраудағы балабақшаларда асық-терапия енгізілді - «Атырау»  газеті

null

Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойыны - асық ату соңғы кезде ұмыт бола жаздаған. Атырау балабақшалары болса соны жаңғыртуды қолға алып жатқан сыңайлы. Өйткені, шынында асық ойнаған баланың жылдамдығы, мергендігі дамып, алыстан көру қабілеті артады, аяқ-қолы ширақ қимылдап, епті бола түседі. Асық ату үшін балаға логикалық ойлау да қажет, бұл бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында отансүйгіштіктің негізі ретінде туған жерге, ата дәстүрге, ұлттық құндылықтарға ерекше мән беру қажеттігі айтылады. Сондықтан да біз қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып, асық-терапияны насихаттап жүрміз. Бұл балаларды ұйымшылдыққа, достыққа баулиды, оның үстіне ол өте қарапайым әрі қолжетімді»,-дейді Атыраудағы балабақшалардың бірінің директоры Гүлбану Қонаева.

 Көк тудың буылғаны - құрметтің суынғаны - «AQ JOL» газеті

null

«AQ JOL» газетіндегі «Фотоайып» айдарына Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің ғимараты ілігіпті. «Фотосуреттен байқап отырғандарыңыздай, Елбасының шетелдерге сапары барысында желбіреп, талай байрақты бәсекелерде көкке көтерілген, байтақ мемлекетіміздің бейнесі болған көк туымыз өзінің сабына оралып тұр. Оралғанда да құр оралмай, адам қолымен мықтап тұрып байланған сияқты. Бұдан не түсінуге болады? Егемен еліміздің рәміздерін бұлай мазақ етіп, әрқайсымыз қалауымызша орналастыра беретін болсақ, тудың не қадірі қалады? Біздікі сынау емес, назарға алу, көрмесе көрсету. Туды бұлай қорламайық, Жамбыл ауылдық округінің әкімдігі!» деп жазады газет. 

Соңғы жаңалықтар