Медициналық сақтандыруда жарна төлеу мерзімі жарты жылға шегерілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинеті Медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеу мерзімін жарты жылға шегеру ұсынысын қолдады.

«Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-ші қадамын жүзеге асыру барысында өткен жылдың қарашасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданды. Онда медициналық сақтандыру жүйесін қалыптастыру нормалары көзделген. Биылғы жылы жүйені жүзеге асыруын тереңдету мақсатында министрлік тарапынан 6 кодекске және 15 заңға түзетулер көздейтін жаңа заң жобасы әзірленген болтын. Мемлекет басшысының 2016 жылғы 14 маусымдағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында және Әділет министрлігінің ұсынысы бойынша заң жобасы екі заңнамалық жобаға бөлінді», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысы барысында жасаған баяндамасында.

Осы ретте ведомство басшысы Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің назарына «Қазақстан Республикасының кекйбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын ұсынды.

«Заң жобасы екі мәселені қарастырылады. Біріншісі, медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеу мерзімін жарты жылға шегеруге байланысты. Осы ретте жұмыс берушілер және өзін жұмыспен қамтыған азаматтардан жарналар мен төлемдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырылады. Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды. Сәйкесінше, медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық көмек көрсету мен қордан төлем жасау да жарты жылға кейін басталады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап)», - деп нақтылады министр.

Оның сөзіне қарағанда, осы мерзімде қор мен оның филиалдары құрылады, денсаулық сақтау шығындары республикалық деңгейде шоғырланады. Бұл тұрғыда Қор медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде қызмет етеді.

Дауыс беру барысында Үкімет мүшелері заң жобасына енгізіліп отырған жаңашылдықтарды бірауыздан қолдады.

Соңғы жаңалықтар