Медициналық мекемелер толық электрондық құжат алмасуға көшеді - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы медициналық мекемелер келер жылдың басынан бастап толық электрондық құжат алмасу форматына көшеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Кешенді медициналық ақпарат жүйесі» электрондық құжат алмасу бағдарламасы  облыстағы 35 медициналық ұйымда қолданысқа енгізіліп отыр.

«Биылғы қаңтар айынан бастап, еліміздің Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Ақмола облысында 48 медициналық мекеме бар, оның 46 денсаулық сақтау басқармасының қарамағында», - деді Сәуле Қисықова.

Сонымен қатар, басқарма басшысы қағазсыз құжат алмасуды жүзеге асыру үшін «Кешенді медициналық ақпарат жүйесі» бағдарламасын игеру қажет болғанын атап өтті.

«Бұл бағдарлама 35 елді мекенде жүзеге асырылуда. 1 қаңтардан бастап кешенді медициналық ақпарат жүйесі арқылы 140 434 адам дәрігердің қабылдауына жазылды. Оның ішінде 66 208 адам регистратура арқылы, 68 868-ы дәрігердің жеке кабинеті арқылы,  1-еуі терминал, 5 315-і науқастың жеке кабинеті арқылы.  Оған қоса, бүгінгі күнге дейін 202 398 электронды төлқұжат толтырылып отыр. Сонымен қатар, Damukmis мобильдік қосымша және cit-damu.kz сайты арқылы науқастың жеке кабинетіне кіруге болады. Қазірдің өзінде 1 809 қолданушы жеке кабинетінде тіркелген. Осы күні облыстағы 27 медициналық мекеме қағаз құжат алмасудың бір бөлігін электронды форматқа көшіріп отырса, келер жылдың басында барлық медициналық мекеме толық ауысатын болады», деді Сәуле Қисықова.

Соңғы жаңалықтар